Bugin
16 жасында ата-анасы көз жазып қалған Әсел Дүйсенбаева Қазақстанға 35 жасында оралды. 19 жыл бойына Тәжікстанда құжатсыз күн көрген Әсел елден не себепті кетіп қалғанын, ата-аналарымен неліктен байланысқа түсе алмағанын айтып берді, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
"2000 жылдар отбасымыз үшін қиындау кезең болды. Әлеуметтік жағдайымыз аса бір керемет емес еді. Қазір ойланып отырсам, ол кезде көп отбасылар қиналған сияқты. Мен сол кезде пойызда тамақ сатып жүрдім. Бір стансадан отырып, екінші стансаға дейін су, тәтті сусындар, тәтті бөлкелер сияқты тамақтарды сататынмын. Сөйтіп, нәпақа тауып жүргенімде Душанбеге дейін апаратын пойызда бір тәжік жігітімен таныстым. Жап-жаспын ғой. Әлгі жігіттің мені "ұнатып қалдым" дегеніне сеніп, онымен бірге қол ұстасып, Душанбеден бір-ақ шықтым. Екеуміз бірге тұрдық. Ол маған үйленгісі келетінін айтты. Бірақ, ата-анасы рұқсат бермеді. Тәжіктерде ол жағынан ата дәстүрлері қатал екен. Жігіттеріне басқа ұлттың қызын алғызбайды. Сөйтіп, мен ол жігіттің екінші әйелі есебінде болдым. Маған бөлек пәтер жалдап берді. Мен сонда тұрып жаттым", - дейді Әсел.
Жат жерде жүрген Әсел түрлі жағдайларға тап болған.
"Қазақстаннан кетерде жеке басымды куәландыратын құжатымды алып үлгермеген едім. Әрі үлкен өмірге дайындығым да жоқ. Қазақстанға кері қайтқым келгенмен, оралудың амалын таба алмадым. Түрлі-түрлі жағдайларды бастан өткердім. Түрлі дәмханаларда даяшы болып жұмыс істедім. Бара-бара қазақ тілін де ұмыта бастадым. Тіпті, елге ораламын деген үмітім біржола сөнді", - дейді Әсел.
Әсел әдеттегідей даяшы болып жүргенінде қазақстандық азамат ол жұмыс істейтін дәмханаға тамақтануға келеді. Ол атыраулық кәсіпкер Нұрқасым Хамзаұлы еді. Әселмен сөйлесе келе оның қазақстандық екенін және елге қайтқысы келетінін естігеннен кейін, кәсіпкер отандасымызға көмек қолын созады.
Кәсіпкер Нұрқасым Хамзаұлының өтінішімен іске сол кездегі сенатор Сәрсенбай Еңсегенов араласып, Сыртқы істер министрлігі, Тәжікстандағы Қазақстан елшілігіне шығып, Әселді елге алып келуге ықпал етеді.
"Туған еліме оралғаныма қуаныштымын. Әлі күнге дейін шүкіршілігімді айтып отырамын. Өкінішке орай, әкем Табылған менің із-түзсіз жоғалғаныма құса болып, өмірден өтіп кетіпті. Әкемді көре алмадым. Қазір анамның қасындамын. Анамның ас-суын дайындап, қызмет қылып жүргеніме бақыттымын", - деді Әсел.
Қазір Әсел Атыраудағы мейрамханалардың бірінде даяшы болып істейді. Өзінің басынан өткен тағдыры басқаларға сабақ болғанын қалайды.
Ата-анасы 19 жыл бойына іздеу салған Әсел 2019 жылы елге аман-есен оралады.