Bugin
Алматы облысы Ұйғыр ауданы Кепебұлақ ауылында ер адам мен екі баласы өртеніп кетті. Бұл туралы Sputnik Қазақстан мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Оқиға 24 ақпанда болған. Отағасы 3 жасар бүлдіршінді балабақшадан алып келген, ал бастауышта оқитын 7 жасар ұлы сабақтан өзі келген. 39 жастағы ер адам газға сүт қойып, сол күйі ұйықтап кеткен. Есікті іштен жауып алған. Бұл кезде әйелі 110 шақырым жердегі аудан орталығы Шонжыға жиналысқа кеткен. Ол мұғалім болып қызмет атқарған.
Көршілерінің болжамынша, балалар сыртқа шығып кетпесін деген болуы мүмкін. Үйден өрт шығып жатқанын байқаған көршілері құтқармақ болып тұра ұмтылғанымен есікті аша алмаған. Ал шағын терезені сындырғанымен ішке кіре алмаған. Өйткені бұл уақытта үй төбесіне дейін жанып кеткен. Баспананың жалпы ауданы 40 шаршы метр, шағын ғана екі ауызды болған.
Ауыл тұрғындары ұялы байланыс болғанда марқұмдарды ажал аузынан алып қалар ма едік, деп күйінеді. Өйткені олар құтқарушыларға телефон шала алмаған. Екі баланың денесін үй ішінде терезе алдынан тапқан. Балалар құшақтасқан күйі көз жұмған.
«Аудандық әкімдік телефон арқылы былай деді: «Бұл ауылда 541 адам тұрады. Біз қаншама рет ұялы телефон байланысын орнату туралы шақырдық. Білім бөлімінің атынан ұялы телефонға деп бюджеттен 16 миллион теңге бөлінген. Бірақ тендерді ешкім алмады. Сол себепті әлі күнге ұялы байланыс жоқ», - дейді Ұйғыр ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ал облыс әкімдігінің айтуынша, Кепебұлақ ауылында Теле2/Алтел және Билайн байланыс операторларының 2G стандартындағы байланысы бар.
Ауылдың орналасқан жер бедерінің ерекшелігіне байланысты байланыс тұрақты емес. Ауыл мектебіне талшықты-оптикалық байланыс орнатылған жағдайда ауыл тұрғындарын радиокөпір технологиясы арқылы интернетке қосу мүмкіндігі пайда болады. Жоғары жылдамдықты интернетті қосу үшін биыл қайта қаражат бөлініп, конкурс жарияланады, - деді облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Кепебұлақ ауылын интернетпен қамту қазіргі уақытта әзірленіп жатқан 2023-2027 жылдарға арналған
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясындағы іс-шаралар жоспарына қосылды. Цифрлық даму министрлігі, Алматы облысының әкімдігі және байланыс операторлары аталған мәселені толықтай бақылауда ұстап отырғаны айтылды.