Қоғам
Түркістан облысында аң аулауға шығып із-түзсіз жоғалған мұғалім іздестіріліп жатыр. 38 жастағы Нұрлан Аймаханбетовтің жанында серігі де болыпты. Ол дін аман.
КТК телеарнасының хабарлауынша, оқиға Бәйдібек ауданында болған. Арыстанды өзеніне қаз, үйрек атуға барған екі тұрғынның бірі 24 ақпан күні жоғалған. Қасына еріп барған серігі оның қалың қамыс арасына кіріп, содан шықпай қалғанын айтыпты.
Содан бері аудан мен облыс құтқарушылары, полицейлер мен тұрғындарын есептегенде 100 шақты адам күндіз-түні іздестіріп жатыр. Тіпті дронмен көктен шолып шыққан. Алайда оның мәйіті табылмаған. Құтқарушылар іздестіруге табиғи кедергілердің кесірі тиіп жатқанын айтып отыр.
«Біріншіден, бұл жағалауларда, өзен-көлдің ішкі жағында жыңғыл ағаш пен бұта көп. Адамның жүріп-тұруын лайлы балшық қиындатып жатыр. Осыған қарамастан, әрбір су қойманың жағалауын, мүмкін деген ықтимал учаскелерді, әрбір метрі, әрбір қадамы тиянақты зерттеліп жатыр», дейді Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев.