Bugin

Наурыз айында қазақстандықтардың өмірінде қандай өзгерістер болады?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Наурыз айында қазақстандықтардың өмірінде бірқатар өзгеріс болады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

 

Қазақстандықтар қосымша 4 күн демалады

Наурыз айында 2 мемлекеттік мереке бар. Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы заңға сәйкес, бұл күндер демалыс саналады. Оның бірі - 8 наурызда аталып өтілетін Әйелдердің халықаралық күні. Бұл күн биыл сәрсенбіге келіп тұр.

Ал екіншісі - мемлекеттік Наурыз мейрамы. Мерекені қазақстандықтар 3 күн, яғни 21, 22, 23 күндері тойлайды. Биыл наурыз мейрамдары сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі күндерге тұспа-тұс келеді. Әдетте мұндай жағдайда ҚР Еңбек кодексінің 85-бабының 3-тармағына сәйкес, мереке күндері кезінде жұмыс уақытын тиімді пайдалану мақсатында Үкімет демалыс күндерін басқа жұмыс күндеріне ауыстыратын. Бірақ, бұл жолы Үкіметтің тиісті қаулысы жарияланған жоқ. Оған 19 наурызда өтетін кезектен тыс Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар депутаттарының сайлауы себеп болуы мүмін. Солайша, 18, 19 наурыз - сенбі, жексенбі демалыстары, 20 наурыз - жұмыс күні, одан әрі 21-23 наурыз - мемлекеттік мейрам.

Сондықтан наурыз айында мереке күндерін қоса алғанда аптасына 5 күн жұмыс істейтін қазақстандықтар - 12, ал аптасына 6 күн жұмыс істейтіндер 8 күн демалады.

 

Банкроттыққа өтінім қабылдау басталады

Қаржы министрлігі мен өзге де мүдделі мемлекеттік органдар 3 наурыздан бастап жеке тұлғалардан банкроттыққа өтінім қабылдау процедурасын бастайды. Ол үшін тиісті ақпараттық жүйе әзірленген. Сол арқылы өтінімдердің басым бөлігін қабылдау жоспарланып отыр. Бұл үшін мемлекеттік органдар мен банктер 40 ақпараттық өзара іс-қимылды жүзеге асырды. Жүйе сынақтан өткен әрі өтінімдерді қабылдауға дайын.

Банкроттық туралы заң рәсімдерінің үш түрін қарастырған – ол соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Бұл рәсімдерді тек қарыз алушының өзі ғана бастай алады. Яғни несие берушінің борышкерге қатысты осы рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ.

Сот банкроттығын және соттан тыс банкроттықты қолданатын азаматтар 5 жыл ішінде банктерден және микроқаржы ұйымдарынан кредиттер ала алмайды. Олар 7 жылдан кейін ғана қайта банкроттыққа жүгіне алады. Ал қаржылық жағдайы банкроттықтан кейін үш жыл бойы тексеріледі. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру кезінде мұндай салдар болмайды.

Банкротқа ұшырау арқылы азамат өзінің несиелік рейтингін төмендететінін түсінуі және барлық артықшылықтар мен кемшіліктер өлшенуі қажет. Яғни банкроттық туралы шешімді ойланып барып қана қабылдаған жөн.

Шенген визасын беру талаптары өзгереді

1 наурыздан бастап Қазақстан Шенген визасын беру кезінде бұдан былай азаматтарға қосымша консультациялар талап етілетін елдердің тізбесінде болады. Осыған орай Р Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров пікір білдірген еді.

«Қазақстанның қандай да бір тізімге енгізілгені туралы мәселеге келетін болсақ, біз Еуропа жағынан ресми хабарлама алған жоқпыз. Алайда, жұмыс тәртібінде талқылау кезінде бізге тиісті мәлімет келіп түсті, яғни 1 наурыздан бастап Қазақстан Шенген визасын беру кезінде бұдан былай азаматтарға қосымша консультациялар талап етілетін елдердің тізбесінде болады. Бұл тұрғыда әдеттегі жұмыс процесі ескерілген. Біздің ойымызша, мұндай қадам Шенген келісіміне мүше бір елдің сұранысы бойынша іске асырылып отыр. Өйткені, Еуропа Одағының ережелеріне сәйкес, ЕО мен Шенген аймағының елдері виза алуға өтініш берген үшінші елдердің азаматтарына қатысты қосымша консультациялар бастауға құқығы бар», - деді ресми өкіл.

19 наурыз - Мәжіліс сайлауы

19 наурыз күні Мәжіліс депутаттарын сайлау өтеді. Сайлауға қатысуға ұсынылған барлық 7 саяси партияның партиялық тізімдері тіркеген. Атап айтқанда, «Қазақстан Халық партиясы» ҚБ – 52 кандидат, «Ақ жол» Қазақстаның Демократиялық партиясы» ҚБ – 54 кандидат, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» республикалық ҚБ - 19 кандидат, «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» - 18 кандидат, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» ҚБ - 25 кандидат, «AMANAT» партиясы» ҚБ - 90 кандидат, «Respublica» партиясы» ҚБ - 23 кандидат. Осылайша, еліміздің Парламент Мәжілісі депутаттарының мандатына үміткер саяси партиялардың 7 тізіміне 281 кандидат енгізілді. Әрбір саяси партия әйелдердің, жастардың және мүгедектігі бар адамдардың қажетті өкілдігін сақтайды. Жалпы барлық партиялық тізім бойынша бұл санаттар 38,1 пайызды құрайды.

Ал 29 сайлау округі бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттығына 435 кандидат тіркелген. Ең жоғары бәсекелестік Астана қаласында бір мандатқа - 41 және 42 кандидат, сондай-ақ Алматы қаласында - 37, 33, 34 кандидаттар. Ең азы – Түркістан облысының №25 округінде 5 кандидат.

Орталық сайлау комиссиясы 12 032 550 дауыс берушіні тіркеді.

Теңгедегі депозиттерге өтемақы төленеді

Наурызда теңгемен депозит ұстаған 2 млн 623 мың салымшыға 307,5 млрд теңге өтемақы төленетін болады. Айта кетерлігі, 10% мөлшерінде өтемақы төлеуді көздейтін теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасы жинақ, мерзімді, мерзімсіз, білім беру жинақтау салымдарына және тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жүйесіндегі жинақ қаражаттарға қолданылды.

Жалпы, Ұлттық банктің қабылдаған іс-шараларының нәтижесінде 2022 жылдың желтоқсанында халықтың депозиттерінің долларлануы 29,7 пайызға дейін төмендейді. Бұл 2007 жылдың шілдесінен бергі ең төменгі көрсеткіш саналады.