МӘДЕНИЕТ

"Салтанат" би ансамблі алғыс айту күніне орай "Шын жүректен" атты концерт өткізді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі алғыс айту күніне орай «Шын жүректен» атты концерт ұйымдастырды. Кештің мақсаты – махаббат пен мейірімділікті, түрлі ұлттар арасындағы достықты, бірлік пен татулықты, бейбітшілікті насихаттау.

«Салтанат» би ансамблі кешті «Қазақ өрнектері» биімен ашты. Одан соң «Шашу», «Бала ойыны», «Шопандар тойы», «Асатаяқ», «Балбырауын», «Қос алқа», «Болгар биі», «Еврей биі», «Жастық жалын», «Иран биі», «Ел салтанаты» би қойылымдарын ұсынып, халықтың қошеметіне бөленді.

Ансамблдің көркемдік жетекшісі – Төлеген Қуанышбек Серікұлы. Ал кешті тележүргізуші Әділет Рахымбай мен балерина Дамиля Шералы жоғары деңгейде жүргізді.

 

«Мәдениет саласының үздігі», ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің балет артисі Шероз Мұратов бұл күн ерекше екенін, шығармашылық төккен тер ақталып жатқанын айтады.

«ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі қазақтың төл өнері мен ұлттық мәдениетін сақтап, халықтың рухани байлығын дамытып, өскелең ұрпаққа ғажайып би өнері арқылы эстетикалық тәрбие беріп, жастардын ұлттық сана сезімін қалыптастыру жолында аянбай өнер көрсетіп келеді.  Аты аңызға айналған, жетпіс жылға жуық тарихы бар ансамбль репертуарында әлем халықтарының да биі бар. Әр елдің дүниетанымынан туған, болмысымен, мінезімен үйлесім табатын қимыл өрнектері арқылы өзге ұлттардың өнерін танытып, тіршілігін көз алдымызға әкеледі. Бүгін біз үшін ерекше күн. Төккен теріміз, ұйқысыз түндеріміздің еңбегі ақталып жатыр», - дейді балет артисі.

 

Шероз Мұратов халықтың қошеметін, риясыз қуанышын, көздеріндегі жалынын, құрметін киелі сахнадан көріп, шабыттанғанын жеткізді.

«Осы орайда, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің талантты артистеріне, дыбыс режиссерларымыз Қайыржан Утельбаев пен Ерлан Хамзановқа, ұстаз-репетиторлар «Құрмет» орденінің иегері Сұлтан Бапов пен ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Бағытбай Қадышев, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері құрметті ұстазымыз Ержан Қуатұлы, балет бөлімінің меңгерушісі, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Ақжан Аяпбергенқызы, костюм бөлімінің меңгерушісі ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Кульбану Бакиева, тігін бөлімінің меңгерушісі Сеням Исмаилова, ансамбльдің көркемдік жетекшісі Қуанышбек Төлеген, директорымыз, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Елубай Кенжалиевке, барша ұжымға және бізді құрметтеп келген патша көңілді көрерменге алғысымды білдіремін» , - деп қосты ол.

 

Сонымен қатар кешке арнайы келген көрермен ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің балет артистеріне алғысын білдіріп, ақ тілегін жаудырды. Концерттің жоғары дәрежеде өтуі артистердің еңбегі дейді.

«Сахнаның сыртындағы дайындық -  шыдамдылық пен жауапкершілікті, нағыз қайсарлықты талап етеді. Олар кез-келген би қойылымы үшін тер төгеді, ізденеді, өмірін өнерге арнайды. Мен олардың еңбектері әрқашанда бағалануы керек деп есептеймін. Бүгінгі кеште барлық балет артистерге риза болдым. Әсіресе Ержан Сарманов пен Шероз Мұратовтың, Лаура Айдарбекқызы мен Анар Рысқұлованың өнеріне тәнтімін. Жұлдыздары жана берсін. Ризамын», - дейді зейнеткер Гүлжан Абдрасилова.

Концертте елді елең еткізер тосынсыйлар көп болды. Халықаралық конкурстардың лауреаты Қуат Ыдырысқалиев Ескендір Хасанғалиев «Сағындым сені» әнін орындап, Ариса Хашимото биімен туындыға көрік берді. 

 

Балет майталмандары Азамат Асқаров пен Айман Егісбаева «Ғажайып тылсым» биін орындап, жұртты таң-тамаша етті.

 

Кештің арнайы қонағы халықаралық конкурстардың лауреаты «Сармат» би ансамблі болды.