Bugin
Пышақ жарақатын алған астаналық мектеп директоры ауруханада жатыр, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасы пациенттің қазіргі жағдайы туралы мәлімет берді.
"26 ақпанда жедел жәрдем бригадасы пациентті №2 қалалық көпбейінді ауруханасына жеткізді. Жағдайының ауырлығын ескере отырып, пациент шұғыл түрде емдеу үшін кеуде хирургиясы бөліміне жатқызылды. Сол күні оған операция жасалды. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы қанағаттанарлық, операциядан кейінгі кезеңге сәйкес келеді", - делінген ресми хабарламада.
Басқарманың ақпаратынша, науқас диагностика және емдеу хаттамасына сәйкес толық көлемде ем алып жатыр.
Сондай-ақ, қалалық Білім басқармасының баспасөз қызметі бұл науқастың мектеп директоры екенін растап отыр.
"Иә, әйелдің мектеп директоры екенін растаймыз. Ол 20 ақпаннан бастап еңбек демалысында болған", - деді басқарманың баспасөз қызметінен.
Бұған дейін Астанада пәтерлердің бірінен ер адамның мәйіті табылып, пышақталған әйелдің ауруханаға жеткізілгені туралы хабарланған.
"Астана қаласы полиция департаментінің "102" арнасына 26 ақпан күні пәтерден ер адамның мәйіті табылғаны және пышақ жарақатын алған әйелдің ауруханаға жеткізілгені туралы хабар келіп түсті", - деген ақпарат алдық полиция департаментінен.
Департамент ақпаратына сәйкес, аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сонымен қатар қажетті сараптамалар тағайындалды.