Bugin
Сарыарқа аудандық полиция басқармасы криминалдық полиция қызметкерлері ірімшік ұрлады деген күдікпен ер адамды ұстады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ақпаратқа сүйенсек, ол күндіз Бөгенбай батыр даңғылындағы дүкеннің жанынан өтіп бара жатқан. Сауда орнына азық-түлік жеткізген ГАЗель көлігін байқап, ұрлық жасауға бел буған. Жүргізуші мен сауда өкілінің кеткенін пайдаланып, көлік жүк салғышынан екі қорап ірімшікті ұрлап кеткен.
Күдіктінің жасы 37-де.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы – "Ұрлық" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ полицейлер ер адамның осыған ұқсас тағы екі қылмысқа қатысы бар екенін анықтады.
Күдікті Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.