Bugin
Бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттың шешімімен 12 жылға сотталды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
«Мамандандырылған ауданаралық әскери соттың үкімімен М. Бектанов ҚР Қылмыстық кодексінің 451-бабының 3-бабы бойынша 12 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейтін болады», - делінген хабарламада.
Сот аталған іс «аса құпия» істер қатарына жататындықтан өзге ақпараттың жарияланбайтынын хабарлады.
Экс-министрге қатысты тергеу ісі 2022 жылдың 19 ақпанында «Қызметтегі әрекетсіздік фактісі бойынша» басталған болатын. Сондай-ақ Президент Бектановты өзіне көрсетілген сенімді ақтамай, қаңтар оқиғасы кезінде еш әрекет ете алмағанын сынаған болатын.
Биылғы қаңтар айында Бас прокурор Берік Асылов Бектановтың сын сағатта әскери стратегиялық нысандарды қорғаусыз қалдырып, заңсыз бұйрықтар берді және қызметін асыра пайдаланды деп мәлімдеген еді.