Weekend

Рэперлердің даты бар

Қазақ – қай кезеңде де баласына өзінен үлкендерді сыйлауды үйреткен халық. Бұл – дұрыс. Ал кейде үлкендер құрметтеу мен жастардың өз ойын айтып, оны дәлелдеуін шатастырады ма, түсінбедім. Өздері сөйлейді де, өз ойын егжей-тегжейлі түсіндіріп, фактпен сөйлеп жатқан жастарды аса ұнатпайды. Мұны өзімшілдікке де жатқыза алмаймыз. Бүгінде қазақстандық үлкендер буыны біраз дүниеге қарсы. Олардың кейбірі «Отырғаныңды опақ, тұрғаныңды сопақ» дейді. 91 тобының шығуы, «Дат» жобасының өмірге келуі, жас әншілердің түсірген фильмдері, осылардың бәрі үлкен буынның сынына ұшырады. Қазақстандағы субмәдениетті қалыптастырамыз деген жастардың бетін қағуды үлкендер тіптен әдеттеріне айналдырып алғандай. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деуші еді ғой бұрын, қазіргі үлкендер керісінше көзі ашық бұлақты тұмшалауды мақсаты санайтын секілді.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Рэп – ұйқас пен әуезді әуеннің бір арнада тоғысуынан пайда болған музыкалық жанр. Бұл жанрдың құдіретін бірі түсінсе, енді бірі түсінбейді. Түсінгендер қазақша рэпті қалыптастырамыз деген арман жетегінде әрекет етіп жатыр.

Алматылық жас ақын, рэпер Ықылас Тұрсынбек бұл жанрды қазақи қоғамға авторлық «Дат» жобасы арқылы беруде. «Бұрын соңды болмаған жобаны халыққа ұсыну арқылы, қазақ қоғамындағы жастарды үкімет, билік санасатындай дәрежеге жеткіземін» деп жоба авторы бір сұқбатында нақты мақсатын айтып өткен екен. Наурыз айының бірінші жұлдызында «Дат» жобасының екінші маусымының бірінші бағдарламасы көрерменге жол тартты. Жалпы жоба батл түрінде өтуде. Яғни, жобаны екі рэпердің арасындағы адами қақтығыс деуге болады. Соңғы бағдарламада Ақтөбелік Natri есімді рэпер мен Алматылық Nur (QaraSound) атты рэпер кездесті. Қазылар даусының басымдылығымен рэп орындаушы Natri жеңіске жетті. Жалпы бұл маусым алты бөлімнен тұрады. Жобаның келесі бөлімдері жазға дейін шығады деп күтілуде. 

Бұл жоба рэп сүйер қауымға ерекше шабыт берсе, қазақша рэптің қалыптасатынына күмәнмен қарайтын қоғамға ауыр соққы ретінде тиді. Жоба авторы «Шоу бизнеске жарылғыш бомба әкелемін» деп уәде беріп еді. Шынымен ол уәдесінде тұрды. Бүгінгі күнде екі адамның бірінің ауызында «Дат» жобасы туралы пікірлер ұшқындап тұр. Музыканы түсінетіндер Ықылас Тұрсынбекті қанаттандырса, бұл ойға қарама-қарсы пікірдегілер бойларындағы негативті ойларын шашып жатыр. Оған назар аударып жатқан рэперлер жоқ. Әркім өз мақсатына қандай жолмен болсын, жетіп әлек.

Қазақша және қазақи музыканы дамытамыз десек, осы секілді жобалардың көп ұйымдастырылуына аса мән бергеніміз жөн. «Теңгенің тиыннан құралатыны» секілді, жалпы музыка да кішігірім жанрлардың дамуынан қалыптасады. Ал қазақ музыкасын қалыптастыру қажет. Оны осы ойды оқып отырған сіз бен жазып отырған біз қолымызға алмасақ, кім қалыптастырады? Тарихтың ХХІ ғасырдағы қазақ музыкасы деген беті бос тұрмауы тиіс. Әрекет нәтижеге жеткізеді.