Weekend

5 ұсыныс. Димаш қандай әндерді орындағаны жөн?

Бәлкім талғамы сан-саққа шашыраған жаңа қазақ тыңдарманы бермеген бағаны өзге әлем берер

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Димаш Құдайберген шығармашылығы жайлы сөз болғанда "өзге әншілердің әнін орындап жүр", "авторлық әндер керек" деген сыңайлы пікірлер кездесіп жатады. Жөн екен. Димашқа расымен авторлық әндермен айналысу керек. Бәлкім сол үшін де қазір талмай еңбек етіп жатқан болар. Тіпті жаңа ән үшін біршама уақыт өзіне үзіліс жасаса да артық болмайды. Біз оның композиторлық қабілетін білеміз ғой. Хош. Авторлық әндерге қатысты айтар уәжіміз жоқ. Себебі әлі дүниеге келмеген ән жайлы ештеңе айта алмаймыз. Дегенмен біз ұсына алатын, талантты әншінің орындауында тыңдағымыз келетін бірсыпыра туынды бар. Мысалы халық шығармашылығынан туған немесе кезінде өз деңгейінде орындалмаған, өз әншісін таппаған әндер. 

Халық әндері мен сал-серілердің бірегей туындыларына қатысты айтар ерекше ұсыныс жоқ. Мұндайда кемеңгер сыншы Таласбек Әсемқұлов болғанда жілігін шағып тұрып талдап, ақылын айтар ма еді… Димаш "Дайдидау" әнін өз дауысына лайықтап, әдемі орындап шықты. Оның бағын ашқан әндердің бірі болды. Ал мұндай халық шедевлары қаншама?!

Енді өз ұсынысымызға көшейік. Жаңа заманғы қазақ ән өнерінде өзінің шынайы бағасы алмаған, не өз орындаушысын таппаған ән жетерлік. Оларды қайта жаңғыртып, жаңа үн беру Димаштың қолынан келеді. Репертуарды неге кеңейтпеске, сол арқылы қазақ әндері ішінде жауқазындарды әлемге паш етпеске? Бәлкім талғамы сан-саққа шашыраған жаңа қазақ тыңдарманы бермеген бағаны өзге әлем берер. Кім біледі?! Ендеше төменде келтірілген өзге әншілерге қисапсыз құрметімізді сақтай отырып, Димаш Құдайбергеннің репертуарына лайық әндер легін назарыңызға ұсынамыз. 

1. "Алғашқы көктем" – Гауһар Қаспақова

Гауһар Қаспақова – қазақтың маңдайына біткен таланты. Кең диапазонды мұндай сирек әнші қашан да құнды. Бірақ Гауһардың соңғы жылдары шырқап жүрген әндері 2000-шы жылдардағыдай емес. Алғашқы орындаған әндерін тыңдағанда, егде тартқан кісілер жасарып кететіндей. Зор күшке ие неткен қуатты әрі мөлдір дауыс дерсің. "Мен сені ойлайтынмын", "Қысмет", "Алғашқы көктем", "Сүйеді екенмін" сынды әндерді бір тыңдап шықсаңыз, еріксіз тамсанасыз. Және әндердің мазмұны да тым жақсы. Мысалы Ақұштап Бақтыгерееваның сөзіне жазылған Бейбіт Оралұлының әні "Алғашқы көктем". 

Аққулар кетті ұшып еліне
Ән  қалды  туған  жер  көгінде
Солармен  бірге  ұшып  барады 
Жүрегім  жұлынып  менің  де

Тұнған поэзия. Ал мұндай сөзге жазылған әннің қатардағы туынды болуға хақы жоқ. Оны Димаш шырқаса, тыңдарман өзге қырынан бағалары сөзсіз.

2. "Аққуым аспанда емес, жер бетінде'' – Ерген Айтымбетов

Қазіргі қазақ эстрадасындағы бірегей әншілердің бірі, "Заман тобының солисі Ерген Айтымбетов халық арасында сазды, қоңыр дауысымен танымал. Әсіресе оның "Turkvision-2015" сайысына іріктеуде орындаған "Аққуым аспанда емес, жер бетінде'' әнінде әнші ерекше тебіреніп, даусының бүкіл әуезді қабілетін көрсетті. Ергенді еш төмендеткіміз жоқ, бірақ бұл әнді Димаштың форматына салсақ, тың бір дүние шығары сөзсіз. Айтпақшы бұл ән де тұнған поэзия. Ән авторын таба алмадық, десе де сөзін жазған – Жұбан Молдағалиев. 

Аққуым аспанда емес, жер бетінде,
Сұлулық тұр тояттап келбетінде.
Сол болып шырт ұйқыдан оятады,
Мазасыз таңда бұлбұл, жел де түнде.

3. "Қара бауыр қасқалдақ" – Нұржан Қалжан

Ақын Есенғали Раушановтың сөзіне жазылған марқұм Ілесбек Амановтың әні "Қара бауыр қасқалдақ" ХХ ғасыр соңындағы елдегі жай-күйді, желтоқсандағы аласапыранды бедерлейтін ең мұңды әндердің бірі еді. Алғаш оны Болат Құсайынов шырқады. Бірақ ән мақамы жайдары болып кеткен. Ал бұл – шерге толы маздаған ән. Ақын Есенғали "Қаңғып келген шүрегей, көлге пана болмайды" деп Колбинді меңзесе, "Қара бауыр қасқалдақ, қайда ұштың пыр-пырлап" деп Қонаев образын келтіреді. Дегенмен әннің түпкі өзегі қазақ кешкен бүкіл қасіретті елестететіндей...

Қара бауыр қасқалдақ, қайда ұштың пыр-пырлап?
Сазың қалды сәбидің еңбегіндей былқылдап.
Қара бауыр қасқалдақ, кері қайт,
Сиреп қалған тоғайға "қамықпа" деп көңіл айт.
Ұя қалса иесіз – айдын үшін сол қайғы,
Қаңғып келген шүрегей көлге пана болмайды.
Өз босағаң - бұл жердің тауы, қыры, белесі,
Босағасын басқаға тастай ма екен, о, несі.
Қара бауыр қасқалдақ, кері қайт,
Сиреп қалған тоғайға "қамықпа" деп көңіл айт.
Ұя қалса иесіз – айдын үшін сол қайғы,
Қаңғып келген шүрегей көлге пана болмайды.

Бұл әнді соңғы рет бабына келтіріп орындаған Нұржан Қалжан еді. Оның өзінде ән өз орындаушысын тапты дей алмаймыз. Әннің жанды дауыста орындалған аудио-видеонұсқасын табу қиын. Бәлкім, назардан тыс жүрген дала таланттары тебіреніп шырқап-ақ жүрген шығар. Бірақ бұл әннің деңгейі биікте. Нақ Димаштың әні.

4. "Өмірге ғашықпын" – Толқын Забирова

Бұл әннің табиғаты өзінше сұлу. Оны орындаған Толқын ханым да ажары мен дауысы келіскен кәсіби музыкант. Бірақ Толқын Забирова шығармашылығын тоқтатқалы "Өмірге ғашықпын" әні қайта жаңғыруға зәру болып тұрғандай. Жоғары ноталар, түрлі иірімдер Димаштың дауысына сай келетін сияқты.

5. "Аңыз ару" – А`Студио

Нәжіп Вильдановтың бұл әні 90-шы жылдары орындалып, талай жүректен орын ала білді. Сөзін жазған – ақын Шөмішбай Сариев. А`Студионың қазіргі трансформациясына қарасақ, "Аңыз аруды" әлі де тыңдай қоймайтын сияқтымыз. Десе де, Бауыржан Ретбаев, Нұрболат Абдуллиндер түрлі интерпретацияда шырқап жүр. Ал Димаш бұл әнді жаңа деңгейге шығаратынына еш күмән жоқ.

жалғасы бар...