МӘДЕНИЕТ
Еліміздің 7 мың білім беру ұйымында бір мезгілде "Балбырауын", "Адай" және "Сарыарқа" күйлері орындалды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Оқу-ағарту министрінің айтуынша, музыка, әсіресе домбыраның әуезді үні барлық ұлттарды жалпыадами құндылықтар – толеранттылық, төзімділік, бірлікке үндеп, бір арнаға тоғыстырады. Және өскелең ұрпақтың өз тарихы мен өнерін үйренуге деген ұмтылысы мен қызығушылығын оятады.
"Домбыра — мәдениетіміздің негізгі символдарының бірі, ұлттық құндылығымыз. Біздің оқушыларымыз, балабақшаның кішкентай тәрбиеленушілері, колледж студенттері ұлттық аспапта ойнауға белсенділік танытқаны қуантады. Бүгін домбыраның шанағынан төгілген үн еліміздің әр өңірінде әуеледі. Оқушылар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан мәдени мұраны сақтап, одан әрі жалғастырады деп сенемін",— деді министр Ғани Бейсембаев.
Челлендж соңында Оқу-ағарту министрі елордадағы Д. Қонаев атындағы № 66 мектеп-лицейінің оқушыларымен бірге күй орындады. "Наурыз мейрамы" мерекелік эстафетасына 1 миллионға жуық бала қатысты. Олардың арасында ең кішкентайы – Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы "Ақбота" балабақшасының тәрбиеленушілері.
Еске салайық, бүгін елорданың барлық білім беру ұйымында астана уақыты бойынша сағат 12:00-де "Күй күмбірі" атты домбырашылар челленджі өтті. Оған қаланың 127 білім беру мекемесінен 3 мыңнан аса домбырашы қатысты.