Bugin

Балқашта балаларды қинаған тәрбиешінің үстінен іс қозғалды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қарағанды облысы Балқаш қаласында балабақша тәрбиешісінің үстінен адамды қинау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Тіпті тергеушілер оның ақыл-есінің дұрыстығына күмән келтіріп отыр. Өйткені күдікті балабақшадағы түзету тобына баратын сөйлеу және дамуында ауытқуы бар балаларға білгенін істеген.

Бақылау камерасы түсірген таспада тәрбиешінің тыныш отырған баланың үстіне бар салмағымен жайғасып алғанын анық аңғаруға болады. Дұрыс сөйлей алмайтын балалар тәрбиешіден теперіш көргендерін айта алмайды. Бір ата-ана осы видеоны кездейсоқ көріп қалып, бірден полицияға арызданған.

Алғашында қылмыстық іс «кәмелетке толмаған балаға дұрыс қызмет көрсетпеу» бабы бойынша қозғалыпты. Бірақ бақылау камарасына түскен басқа видеолар полицейлерді селт еткізген. Онда осы тәрбиеші балаларды ұрып-соғып, ұятты жерлерін шымшып, үстел сүрткен шүберекті аузы-мұрнына тыққан. Осыдан кейін қылмыстық іс адамды қинау бабына өзгертіліп, күдіктіге психикалық сараптама тағайындалды. Тіпті, бірден жұмыстан шығарылып, балабақша меңгерушісіне сөгіс жарияланған.

ҚР ҚК 110, яғни «қинау» бабына сәйкес қылмыстық іс тергелуде. Тергеу орындарымен соңғы жарты жылдағы бейнежазбалар тәркіленіп алынды. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды. Қорытындысы бойынша нақты процессуалды шешім қабалданатын болады, – деді Қарағанды облысы ПД баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.