Bugin

"Сайлау қорытындысы жазылған қағаз": Шымкентте дау шықты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Шымкентте Мәжіліс пен мәслихат сайлау басталмай жатып, шу шықты. Фейсбукте әлі басталмаған сайлаудың қорытындысы бойынша түзілген хаттама жарияланып, ол ел арасында қызу пікірталас тудыруда, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Әлеуметтік желіде бас-аяғы 16 минуттан тұратын видео пайда болды. Видеода дауыс берудің қорытындысы бойынша жазылған сайлау учаскесінің хаттамасы көрсетіледі. Онда сайлау комиссиясы мүшелерінің аты-жөндері жазылғанымен, олардың қолдары қойылмаған, мөр басылмаған. Тіпті сайлау учаскесінің номері де көрсетілмеген. 

Видеода бейтаныс ер кісі мен әйел арасындағы әңгіменің аудио жазбасы беріледі. Онда әйел хаттаманың алдын ала түзіліп қойылғаны дұрыс еместігін, мұндай жағдайдың бұрын болмағанын айтады. «Ертең біз кінәлі боламыз ғой» дейді.  Шымкенттен Мәжіліске түсіп жатқан кандидаттар  түн ішінде әлеуметтік желі арқылы Президентке үндеу жариялап, сайлаудың әділ өтуін қамтамасыз етуді сұранды.   

Шымкент қаласы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаев осыған қатысты арнайы мәлімдеме жасады.   

Әлеуметтік желілерде таралып жатқан сайлау учаскелерінің қорытынды хаттамалары бойынша видеороликтердің шындыққа жанаспайтынын хабарлаймын. Видеороликте көрсетілген құжаттар мыжылған және оларға ешқандай қолтаңба мен мөр қойылмаған. Роликте көрсетілген мәліметтерді провокация деп есептейміз.

Сонымен қатар, сайлау участкесінде тиісті хаттамаға қойылатын мөрлер мен бюллетендер әр сайлау участкесінде тиісті сейфте сайлау басталғанға дейін сақталады. Хаттамалар тек сайлау қорытындыларына сәйкес толтырылады және нәтижесі жарияланады. Аталған мәселе тиісті құзырлы органдарымен тексеріліп, құқықтық баға берілетін болады, - деді комиссия төрағасы.

 

Дереккөз: oinet.kz