МӘДЕНИЕТ
Наурыз мейрамының елімізде қайта жаңғырып, жалпыхалықтық деңгейде тойлана бастағанына 30 жылға жуықтаса да, наурыз көже дайындай білмейтіндер аз емес.
Наурыз көжені қыстан арып-ашып шығатын ағзаны қалпына келтіру үшін де пайдаланған. Сондықтан бұл көженің құрамында ең пайдалы, ағзағат қажетті өнімдер жинақталған. Наурыз көженің негізі кез келген астағыдай су болып табылады. Бұның да астарында - өмір өзен, ұрпақ-өріс судай асып-тасысын дегені болса керек.
Қазақтың ең жақсы көретін, негізгі ас дәмдерінің бірі – ет. Қашанда қазақы дастарханның берекесін ет келтіреді. Сол себепті наурыз көжеге қазақтың төл асы – ет қосылады. "Ұзынсарыға" сақталған сүрі етті қазан толсын, ас мол болсын деген ырыммен тұтастай наурыз көжеге салып қайнатады.
Көжеге үшінші - дәм арпаны қосады. Арпаның емдік қасиеті жайлы бәріне белгілі. Арпаны жиі пайдаланатындардың қаны бұзылмайды дейді білгіштер. Ирак тәуіптері бұл дәнді «ғажап құтты дән» деп атаған. Көптеген ауруларға шипалы. Сонымен қатар тойымды болып келеді.
Арпамен қоса, тары, күріш сияқты дәнді дақылдар қосылады. Жалпы, наурыз көжеге дәнді дақыл қосудың бір мағынасы – бір тамырдан өсіп-өнген дәндей ұрпағымыз көп болсын деген тілек болса керек.
Тары, күріш, арпа, бидайдың тағамдық қасиеті жоғары және жұғымды калориялы болады. Бұл дақылдарда аз мөлшерде дәрумендер мен калий, кальций, магний, фосфор, күкірт, никель, кобальт, алюминий, темір, мырыш, йод, мыс, хром, марганец, фтор, молибден, бор, кремний элементтері мен РР, А, Е, В1, В2, В6 және В9 дәрумендері бар. Сондай-ақ, ақуыз қозғалысты қамтамасыз ететіндіктен, бұлшық еттердің жиырылуы мен жазылуы үшін керек. Өкпеден сіңіріп алған оттегіні денеге таратады. Ұлттық тағамдардың жұғымдыларының бірі саналып, біраз ас түрлерінің дәмін келтіретіні – тары. Оның құрамына назар аударсақ, ақуыздың 10-15, көмірсудың 59, майдың 38, күлдің 3,6 %-ы барын көреміз.
Көжеге міндетті түрде айран немесе ақ құяды. Бұның да негізінде – сүттей ұйып отырайық, ақ мол болсын деген ниет жатқан болар. Қазақтың ұлттық тағамдарының көбіне осы сүттен жасалады. Ұлттық тағам – наурыз көжеге де қосылуы заңдылық па дейміз.
Қазақтың ұлттық тағамдарына кіретін құрт та көженің дәмін келтіріп, ерекшелендіреді.
Кез келген тағамның дәмін тұз келтіреді. Наурыз көжеге де дәм беретін тұз жетінші тағам ретінде қосылады.
Әлбетте, наурызкөжеге белгілі бір тағам түрін қосу керек деген арнайы нұсқау жоқ. Әркім қолындағы бар азық-түлігіне қарайды. Тіпті кейде көкөністер де, жемістер де қосатындар бар. Дәм саны жетеу болса болғаны. Осылай, Наурыз мерекесінде қазандар көжеге толып, ауыл тұрғындары бір-біріне қонақ болған.
Бұрынырақта әйелдер өздерімен ыдыс ала жүрген. Әр үйден көже құйып алып, өз үйінің қазанындағы көжеге қосқан. Бұл дәм-тұзымыз араласып, ынтымақ-бірлігіміз нығайсын, көже секілді мидай араласып, көжедей дәмді қатынаста болайық, біріміздің ырысымыз бірімізге жұғысты болсын деген үлкен ұғымды білдірген.
Көжені ыдысқа толтырып құйып береді, бұл - «жаңа келген жылдан несібесі ортаймасын» дегендік. Әрі сол құйылған көжені тауысып ішу керек, әйтпесе ырзығы кем болады дейді.