Weekend

"Тіл ішіндегі тіл" немесе жастар тілі

Тіл мәселесі

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

«Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер ең әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады».

Ахмет Байтұрсынұлы

– Ей, қайда барасың?

– Батяның жұмысына.

– Кешке общягаға тартылсай.

– Айтсаң болды ғой, братуха!

– Қоянның суретін салып кетпе!

Міне, қазіргі жастардың сөйлеу әдебі мен мәдениеті осы қалыпта. Ақын Мағжан Жұмабаевша айтсақ, таза, терең, өткір, күшті, кең тіліміздің өзегіне түскен жегіқұрты да – дәл сол жарымжан сөздер. Ал, төл тіліміздің тамырынан жан, сабағынан нәр кетіріп, түрлі әлеуметтік диалектілерді жиі қолдану бүгінгі буынның әдетіне айналуда. Жастар сөздігіндегі сипатсыз жаргон сөздердің мағына-сы  бар ма? Мәнсіз, мағынасы да түсініксіз  бұл сипаттағы сөздерді жастар көп қолданатындықтан ортаға сіңісуі де тез, айтылуы да жиі. Мәселен, жоғарыдағы «батя» сөзі – әке дегені, «общягасы» – жатақхана, «тартыл» дегені – қатарымызға  қосыл, жанымызға кел, ал «қоянның суретін салып кетпе» дегені – алдап кетпе дегені. Онсыз да елге, жерге, ұлтқа, руға, дінге, тілге бөлініп жүрген қазақ жастары қазіргі күні тіл ішінен тіл қалыптастырды. Тіл тәрбиесі тал бесіктен басталарын  ескерсек, жастардың ауызекі  сөйлеу мәдениеті табалдырықта қалып қойған секілді. Заман талабына сай болуға ұмтылатын бүгінгі буын өздеріне ыңғайлы соқпақты тауып алуға қашанда бейім. Әрине, киген киімі, қыдыратын орны мен мамандықтарының өзгеше боларын білгенмен, өздеріне тән тіл қалыптастырады деген ойды ешкім ойламаса керек. Сондай-ақ, қалыпты тілден ауытқыған мысқылды «паразит» сөздер санамызға дендеп сіңіп қалған секілді. Бәлкім, жанындағы адамдарға әсер қалдыру үшін елден ерекшеленген түрі болар. Егер түпкі ойы осыған саятын болса, онда біз тұрпайы мәдениет пен жұрдай әдептің арасында жүрміз. Себебі, қолайсыз айтылған сөз саптауынан қандай әдеп, қандай сыпайылық күтуге болады. Ол – ол ма, жол-жөнекей жолығысып қалған құрбылардың  өзі қарапайым ғана  хабарласып тұратындықтарын жеткізу үшін «курста болайық» деп жаргондап жеткізеді. Осыдан кейін қоғам мен адам жаны тазалығының сақталарына күмән бар. Жабайы тіл мәңгүрт ойдан туады. Сонда біз қандай ұрпақ тәрбиелеп  отырмыз?

Қоғамымыздағы сыздауықтай мазалаған мәселенің тағы бірі – әлеуметтік желілердегі сауатсыздық. Ең бай, оралымды тіл деп бағаланған қазақ тілі заман ағымымен бірге лайланып бара жатқандай. Жасыратыны жоқ, заманауи деп танылған ғаламтор желісінің қазақ тілінің тазалығын сақтаудағы кері әсері көбейді. Жастардың әлеуметтік желілердегі жазбаларында немесе бір-бірімен хат алмасқанда пайдаланатын түрлі жаргон сөздер, оған қоса бір сөйлемде қолданылатын бірнеше тілдегі сөздер сәнге айналып барады.

Ең сорақысы, біз осы сорақылыққа үйрене бастағанымыз. Бірақ, күндердің күнінде жаһандану деп жанұшырған онсыз да кітап оқымай кеткен қазақ баласы сауатсызға айналса, не болмақ?

Тіл тазалығын сақтап, ойын еркін жеткізе алатын жастар саны сиреп барады. Айналып келгенде барлығы заманауи көрінеміз деп жұтаңданып бара жатқаны жасырын емес. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев: «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол ақынның білімсіз бишарасы», - деді емес пе?

Ал бүгінгі жастардың, жоғары білімді адамдардың, қолында дипломы бар мамандардың, ең беделді университеттерде білім алып жатқан студенттердің желідегі бір-біріне жазған амандық-саулығын оқығанда төбе шашың тік тұрады. Мысалды алыстан іздемей-ақ, көз алдымызда мектеп партасында отырған сыныптас  ұл-қыздардың ұялы телефонына көз қиығыңды тастасаң да жеткілікті. Мұндай «диалогтарда» бас әріп, үтір, нүкте дегендер болмайды. Мәселен:

– слм (сәлем)

– прива. кк дел (Привет! Как дела?)

– ЖЖ-мен (Жаңа Жылыңмен!)

– спс (Спасибо!)

– нестеватсын

– кино көріватрм

– келшиш («келсеңші» дегені)

– Кошиш (қойшы) 

– КТА болыватыр

– раха

 – Кай канал табалмайатырм

Міне, бұл – екі-үш айдан кейін қолдарына аттестат алып, жоғары маман иесі атанғалы отырған екі түлектің «сұхбаты». 

Қарап  отырсаңыз,  әлеуметтік желілердегі екі достың әңгімесі жабайы жаргондар мен сленгте-рсіз өрбімейді. Онсыз сөйлесе, жастар тілімен айтқанда, «жер» (ұяттан төмен қарау)  болып қалардай. Ілтипат жұтаңдап, инабат жоғалған  мына заманда тіл әдебінің  де құрдымға кеткендігі баба  аманатына  жасалған қиянат екендігі рас. 

Онсыз да толғауы тоқсан түрлі болған тіліміздің тағдыры баршамызға аян емес пе еді?! Алаш зиялысы М. Шоқайша айтқанда «Тіл – халықтың перзенті», ал біз оны Абай  тілінде қашан  ұстартады екенбіз.

Уақыт өтер, керуен көшер. Ал тіл тазалығын сақтау туралы мәселе жастардың сөйлеу мәдениеттілігінен басталуы керек. Бізде бәрі тазаланып келеді. Әсіресе, көшедегі қоқыс тастағанға да ескерту беріліп, айыппұл төлетеді. Ал тілге келгенде жігер де жоқ, жүген де жоқ. Кім қалай сөйлесе де өз еркі, себебі тілге салынар тұсау тағы жоқ. Құрығанда құрмет болса ғой. Өкініштісі, төл тіліміздің сол қоқыс құрлы беделінің болмағандығы. Бәлкім бізге де Балтық жағалауы  елдеріндегідей «Тіл полициясы» қажет шығар?!

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ата-бабаларымыздың сан ғасыр ұлы арманы болған, ұл-қыздарымыздың киелі қаны мен беймезгіл қиылған жанының нәтижесінде келген Тәуелсіздігімізді баянды етер басты қаруымыз – тіл.

Тіл туралы айтылатын сыр да, жазылатын жыр да ешқашан таусылмайды, сол сырлар мен жырларды санамызға сіңіріп, «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деген сөздерді тек қағазға емес, көкірегімізге жаза білейік!