Білім және ғылым
Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Ерсұлтан Пітебай АҚШ-тың Массачусетс штатындағы Массачусетс технологиялық институтынан (Massachusetts Institute of Technology, MIT) шақырту алды. Бұл мектеп тарихындағы алғашқы жағдай.
- Менің ойымша, MIT-ке түсу-бұл менің ата-анамның, достарымның, мұғалімдерімнің, олимпиадалардың және мектепте оқып жүрген кезімде ғылымды үйренуге деген ерекше ықыласымның нәтижесі. Мен MIT-ке түскеніме өте қуаныштымын және сол жерде физиканы зерттеуді жалғастыруды жоспарлап отырмын, - дейді Ерсұлтан.
Биылғы жылы MIT-ке түсуге іріктеу қатаң өткізілді, ал Ерсұлтан әлемнің түкпір-түкпірінен аталған оқу орнына шақырту алған 574 оқушының бірі болды. MIT-ке оқуға түсуге барлығы 26 914 өтінім берілді, - деп толықтырды Алматы қаласының физика-математика бағытындағы NIS-тің кәсіби бағдар кеңесшісі Айнұр Ибраимова.
Айта кетейік, QS университеттерінің әлемдік рейтингісі бойынша Массачусетс технологиялық институты рекордтық көрсеткішін жалғастырып келеді: ол тоғыз жыл қатарынан бірінші орында келе жатыр. Ол Гарвард, Стэнфорд, Калифорния, Оксфорд, Кэмбридж университеттерін басып озды.
Университет робототехника мен жасанды интеллект секторлары және ақпараттық технология, физика, химия және математика салаларын оқыту жүйелері бойынша ең таңдаулы болып саналады. Сонымен қатар, университет менеджмент, экономика, лингвистика, саяси ғылымдар және философия салаларын оқытуымен де танымал.