Bugin
Қоғамды дүр сілкіндірген адам шошырлық бұл оқиға 2023 жылдың 25 ақпан күні Алматы облысында болған. Талғар ауданының тұрғыны Диана Сабазованың пәтеріне екі бейтаныс жігіт еш ескертусіз кіріп, оны күштеп көлікпен алып кеткен, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Жәбірленушінің айтуынша, сол күні түске қарай курьер тапсырыс берген әтірді пәтерге дейін жеткізіп береді де, кетіп қалды. Санаулы секундтан соң есіктің қоңырау тағы шырылдайды.
"Курьер бір нәрсені ұмытқан шығар деген оймен еш алаңсыз ешікті ашсам дәу екі жігіт тұр екен. Мен олардан кім екенін сұрап, құжаттарын көрсетуді талап етіп едім, "Диана, шу шығармаңыз. Бізбен бірге жүріңіз" деді. Мен оларға: "Учаскелік полицияны алып келіңіз, содан кейін сөйлесеміз" десем, олар үйге баса көктеп кіріп, менің ұялы телефонымды тартып алды. Өз үйлерінде жүргендей талдаңдап жүр. Менің жатын бөлмеме кіріп алды. Киімімді солардың көзінше ауыстырдым да бірге далаға шықтым. Содан кейін екеуі көлікке күштеп салды да, алып кетті", – деді Диана Сабазова.
Кейін екі ер адам келіншекті Алматыдағы психикасында ауытқуы бар науқастарды емдейтін орталыққа жеткізген.
"Алматыға жеткен кезде "Мақатаев 10 деген мекен-жайға барасың да, анализ тапсырасың. Содан кейін шығасың" деді. Бір түсініспеушілік болған шығар. Қазір анализ тапсырып, үйге қайтамын деп ойладым. Бірақ мені жатқызып тастады, сол жерде заңсыз екпе салды. Қандай екпе салғандарын айтқан да жоқ. Сол екпе маған кері әсерін берді. Менің аузым құрғап, тамағымда бір түйін тұрғандай әсерде жүрдім", – дейді жәбірленуші.
Диана Сабазованың айтуынша, оларға дәл осындай тапсырма берген адам – өзінің туған анасы. Ол мұндай сұмдық әрекетке ең жақын жанның қатысы бар екенін сол мекемедегі медбикеден естиді.
"Сол сәтте менің үстіме су құйылғандай болды. Негізі менің пайымдауымша, туған анамның псхихикалық ауытқуы бар. Соңғы 4-5 жылды біздің мазамызды алып, әбден титықтатып жіберді. Отбасымыздың берекесін қашырды, барлығына тиіседі. Әкеме де арыз жазды. Кейін әкем менің үйімде тұрды. Негізі шу сол кезден басталған", – деді Алматы облысының тұрғыны.
Жәбірленуші әйел сол наркологиялық диспансерде бір тәулік бойы жатқан. Дәл қазіргі таңда Диана Сабазова өзін үйінен күштеп әкеткен екі жігітті және осы іске қатысы бар заңсыз әрекет жасағандарды жазалауды талап етіп отыр.