Bugin
Бас прокуратура өмір бойына сотталған Владислав Челахтың арызына жауап берді. Бұл туралы жауапты орган Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Редакция бас прокурор Берік Асыловтың атына Владислав Челахтың ісі қай сатыда тұрғанын, қылмыстық іс материалдарының қаралған-қаралмағанын нақтылауды сұрап хат жолдады.
Челахтың өтінішхаты қаралып, арыз иесіне жауап берілді, - делінген Бас прокуратура жолдаған жауапта.
Айта кетейік, Владислав Челах 2012 жылы 15 адамды өлтірді деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Сол уақыттан бері Челах және оның қорғаушысы тарапынан Жоғарғы сотқа сот актісін қайта қарау туралы 8 рет өтініш түскен.
Владислав Челахқа қатысты қылмыстық іс бойынша қорғаушы тарап Жоғарғы сотқа сот актісін қайта қарау туралы 8 өтінішхат жолдаған. Соның ішінде сотталған Владислав Челах 4 рет, оның анасы Светлана Ващенко 3 рет, адвокат Серік Сәрсенов бір рет өтініш берген, - деді Жоғарғы сот.
2022 жылдың желтоқсанында Владислав Челахтың өтініші Бас прокуратураға түскен еді.
Бас прокуратураға өтініш түсті. Қосымша зерделенеді, себебі бұл он жыл бұрынғы оқиға. Қажеттілік болса, одан жауап алынады, - деген еді Бас прокурордың бірінші орынбасары Тимур Тәшімбаев.