Bugin

Өзбекстанда қатерлі ісікті 99 пайыз емдейтін дәрі жасалды - жалған

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Өзбекстанда қатерлі ісік ауруын 99 пайызға дейін емдейтін дәрі жасалды деген хабар жалған. Бұл туралы ҚазАқпарат ӨзА сілтеме жасап хабарлайды.

Интернетте "Өзбек ғалымдары қатерлі ісік ауруын 99 пайызға дейін емдеуге мүмкіндік беретін жаңа дәрі ойлап тапты" деген тақырыпта мақала жарияланып, онда 2022 жылдың маусымында Өзбекстанда тіркеліп, өндіріске енгізілген жаңа радиофармацевтикалық векторлық терапия құралы туралы айтылады.

Препараттың құрамы "лютеций-177" радиоизотопынан және оған бекітілген простата спецификалық мембранасының "антиген-617" ақуыздық затынан тұрады делінген.

Өзбекстанның ДСМ мәліметінше, бұл препарат АҚШ, Еуропа және Азия елдерінде тек қуық асты безі мен нейроэндокриндік ісіктеді диагностикалау мен емдеуде радиофармацевтикалық дәрі ретінде қолданылады.

"Шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, бұл құралды тек қуық асты безі обырының 4-ші сатысында сүйек метастаздары кезінде ғана қолданылады деп айтуға болады", - дейді Республикалық мамандандырылған онкология және радиология ғылыми-практикалық медицина орталығының бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Даниёр Нишонов.

Оның айтуынша, бұл дәрі уақытша ем болып, науқастардың өмірін ұзартуға мүмкіндік береді. Бұл препарат Өзбекстанның бір медициналық мекемесінде 3 науқаста ғана қолданылған, ал мамандардың айтуынша, ісік ошақтары (метастаздар) мен науқастардың ауыруы айтарлықтай төмендеген.

Сонымен қатар кез келген жаңа препараттың тиімділігі расталмай тұрып, оның тиімділігі туралы әртүрлі зерттеулер, сараптама жүргізіліп, тиісті қорытындылар жасалуы үшін көп уақыт қажет.

Сондай-ақ қазіргі уақытта әлемде барлық қатерлі ісіктерді толық емдейтін әмбебап дәрі жоқ екендігі айтылған.