Қоғам

СІМ Оңтүстік Кореяға заңсыз кіріп кеткен қазақстандықтарға қатысты мәлімдеме жасады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Оңтүстік Кореяға кіруге тыйым салынғанына қарамастан аталған елге заңсыз кіріп кеткен отандастарымыз туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Оның сөзінше, қазақстандықтардың біреуі ұсталып, екіншісі іздестіріліп жатыр. 

"Корея Республикасына кіруге рұқсат берілмеген Қазақстанның екі азаматы Инчхон халықаралық әуежайынан заңсыз қашып кетті. Кейінірек олардың бірін жергілікті полиция ұстады, ал екінші отандасымыз іздеуде. Аталған азаматтар Оңтүстік Кореяға 24 наурызда Ташкент қаласынан "Koreana" әуекомпаниясының рейсімен келіп, депортациялық рейсті күтіп отырған. Содан кейін әуежайдан рұқсатсыз шығып кетіп қалған", - деді Айбек Смадияров.

Ресми ақпаратта айтылғандай, Қазақстанның Сеул қаласындағы елшілігі осы мәселе бойынша Корея Республикасының уәкілетті органдарымен тұрақты байланыста.

"Болған оқиға Оңтүстік Кореяда қоғамдық резонанс тудырды және жергілікті БАҚ-та кеңінен жарияланды. Өз кезегінде бұл жағдай болашақта Корея Республикасының құқық қорғау және иммиграциялық органдарын әсіресе Қазақстан азаматтарының елде заңсыз жүріп-тұруына қарсы белсенді күресуіне, сондай-ақ біздің отандастарымыз үшін елге кіру тәртібін қатаңдатуға итермелеуі мүмкін", - дейді ведомстводан.

Еске салайық, бұдан бұрын Инчхон әуежайынан Қазақстанның екі азаматы қашып шыққаны хабарланған.