Bugin
Ақтөбеде бүтін бір отбасын пышақтап кеткен қандықол күдікті іздестіріліп жатыр. Оқиғаға қатысты тың деректер белгілі болды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы КТК арнасына сілтеме жасап.
Ол 35 жастағы келіншек пен оның 16 жастағы ұлын өлтіріп, 13 жастағы қызды ауыр жаралаған. Бес жерінен жарақат алған оқушы қазір жансақтау бөлімінде жатыр.
Ал ауыр қылмысқа барған күдіктінің кім екені белгісіз. Тіпті мұндай қылмысқа не үшін барғаны да белгісіз. Қазір тәртіп сақшылары тайлы-тұяғымен бір отбасын қырып тастаған қаныпезерді іздестіріп жатыр. Қанды қылмыс тұрғындар қалашығы ықшам ауданындағы үйдің екінші қабатындағы пәтерде болған. Қазір бұл маң қоршауға алыныпты. Подъезге ешкім-кіріп шыға алмайды.
Таңғы сағат бес жарым шамасында тәртіп сақшыларына 13 жастағы оқушы қыз хабарласыпты. Ол анасы мен 16 жастағы бауырын біреулердің пышақтап кеткенін айтқан. Өзі де кісі қолынан жарақат алған.
Жедел тергеу тобы пәтерден 35 жастағы әйелдің және 16 жастағы ұлының зорлықпен өлген белгілері бар мәйітін тапты. Сонымен қатар қаза тапқан әйелдің 13 жастағы қызы пышақталған, ол балалар ауруханасына жансақтау бөліміне жатқызылды, –дейді Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Қансыраған оқушы қызды дәрігерлер аман алып қалды. Оны қылмыскер бауыздамақ болған көрінеді. Дәрігерлер оның бес жерден пышақталғанын айтып отыр.
Мойны кесілген. Ота жасалды. Қазір жалпы жағдайы тұрақты ауыр. Жансақтау бөлімінде жатыр, – дейді Ақтөбе облысы балалар ауруханасының бас дәрігері Ербол Жапақов.
Марқұм келіншек осыдан бес-алты жыл бұрын күйеуінен ажырасып кеткен. Күні кеше сол күйеуі өз үйінде асылып өліпті. Енесі қаралы хабарды таң ата тәртіп сақшыларынан естігенін айтады. Онымен қоса келіншектің қайын ағасын тергеуге алып кеткен.
Таңғы сағат жеті шамасында тергеу бөлімінен адамдар келіп, ұлымды алып кетті. Сол кезде осы оқиға туралы білдім. Кеше ғана ұлым өзіне қол салып қайтыс болған еді. Жарақат алған София есімді немерем тірі қалды. Оны әлі маған көрсетпеді, – дейді Ақтөбе тұрғыны Татьяна Игнатьева.
Тәртіп сақшылары күдіктілерді іздеп жатыр. Кімнің осыншама қатыгездікке барғаны әзірге белгісіз. Полиция департаментіндегілер оқиғаға қатысты кісі өлтіру бабымен іс қозғаған.