Спорт
Футболшы 10 сәуірдегі Чемпиондар лигасының 1/4 финалындағы «Аякспен» өтетін ойынға қатыспауы мүмкін
«Ювентус» және Португалия ұлттық құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду, Сербияға қарсы Еуропа чемпионатына іріктеу ойында (1:1) алған сан жарақатынан айығу мерзімін айтты.
34 жастағы форвард ойынның 29 минутында жарақат алып, алаңнан кетуге мәжбүр болған еді.
«Бұл жарақат туралы алаңдамаймын. Мен өз денемді білемін. Жарақаттан айығу процесі екі аптадан аспайды деп ойлаймын. Бәрі жақсы болады» - деді Криштиану.
Егер Роналду екі апта бойы алаңға шыға алмаса, «Ювентустың» А сериясындағы 30 наурыздағы «Эмполимен», 2 сәуірдегі «Кальяримен» және 6 сәуірдегі «Миланмен» кездесулерін көрермен ретінде бақылайтын болады. Сондай-ақ, 10 сәуірдегі Чемпиондар лигасының 1/4 финалындағы «Аякспен» өтетін ойынға қатыспауы мүмкін.