Bugin
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Халықаралық Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаевпен кездесті.
Жүздесу барысында ҚазҰУ мен Халықаралық Түркі академиясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісімнің негізгі мақсаты – серіктестікті дамыту, ғылыми бағытта бірлесіп зерттеулер жүргізу және білікті кадрларды даярлау.
Бұл меморандум кітапхана қорларын пайдалануға және ғылыми бағытта жазылған жарияланымдар мен материалдарды алмасуға, бірлескен семинарлар мен конференциялар ұйымдастыруға, ғылыми және академиялық еңбектерді бірлесіп басып шығаруға мүмкіндік береді.
Кездесуде университет басшысы академия президентіне ҚазҰУ жетістіктерін таныстырды.
«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті QS әлемдік рейтингінде Топ-150 үздік жоғары оқу орындарының қатарында. Өткен жылы Түркияның Ыстамбұл қаласында және Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында ҚазҰУ филиалдары ашылып, өз жұмысын бастады. Түркі әлемінде әлі де толық зерттелмеген мұралар жеткілікті. Осы тұрғыда Әл-Фараби кітапханасында сіздің қатысуыңызбен Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтын ашқан болатынбыз. Қазіргі таңда институт мамандары сирек кездесетін қолжазбалар мен көне кітаптарды, құнды деректер мен материалдарды сараптап, зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Түркі мемлекеттері арасындағы ғылым және білім интеграциясын дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді университет ректоры.
Өз кезегінде Халықаралық Түркі академиясының президенті Шаһин Меджидоғлы бүгінгі меморандум үлкен нәтижелерге қол жеткізуге сеп болатынын жеткізді.
«Меморандум аясында біз ғылыми бағытта бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ортақ жетістіктерге жетеміз деп ойлаймын. Бұл бастама тәжірибе алмасуға және кадрларды даярлауға үлкен мүмкіндік беретін болады», – деді Шаһин Мұстафаев.
Оқу ордасына сапары барысында құрметті қонақ ҚазҰУ музейін, Жағдаяттық басқару орталығын және жаңарған оқу корпустарын аралап көрді. Сонымен қатар ҚазҰУ Баспасөз қызметінің жұмысымен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі