Bugin

Алматыда жоғалып кеткен 4 жасар баланың жағдайы белгілі болды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алматыда Сайран көлінің маңында жоғалып кеткен 4 жасар бала табылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Алматы қалалық Полиция департаментінен мәлім еткендей, кеше сағат 19:15-те полицияға 4 жасар Әмір атты баланың жоғалғаны туралы хабарлама түскен. Сәбидің әкесінің айтуынша, ол бутиктің ішінде болған кезде ұлын көзден таса еткен. Өз бетінше іздестіру жұмыстары нәтиже бермеген соң полицияға жүгінген.

Сәбиді іздестіруге патрульдік полиция, учаскелік инспекторлар, криминалдық және ювеналды полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Сайран көлі маңындағы тұрғын үй ауданы, жылынуға болатын тамақтандыру орындары, қараусыз қалған аумақтар, басқа да жерлер тексерілді. Сағат 21:25 шамасында балдырған табылды.

Патрульдік экипаждың инспекторы Ержан Аманболдың сөзінше, бала «Кәусар» тұрғын үй кешенінің ауласында жүрген.

"Тұрғын үйлердің аулалары мен ойын алаңдары назардан тыс қалмады. «Кәусар» тұрғын үй кешенінің ауласына кірдік. Аула ортасында бір бала тұрды. Ол абдырап, туыстарын немесе үйін іздегендей болды. Бірақ жыламаған. Сол күні кешке өте суық еді. Ең алдымен, біз оны жылытып, жақын маңдағы дүкеннен тіскебасар сатып әпердік. Кейін әкесіне апардық. Көпшіл бала екен. Сондықтан болар, әкесі басқа жаққа алаңдап тұрғанда, серуендеп келуге кеткен. Ең бастысы, Әмір аман-есен табылды және қазір отбасымен бірге", – деді Ержан Аманбол.