ДАМУ

"Кез келген кәсіпке ауадай қажет": Графикалық дизайн туралы білесіз бе?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Білім мен ғылым дамыған сайын адам баласының жаңа дүниені жасауға деген мүмкіндігі артып жатыр. Ғылымның қай саласында болсын, әйтеуір "естімеген елде жоқ" деген нақылды жиі айтатын болдық. Мәселен, "дизайнер" деген мамандық бар. Қарапайым қазақ үшін дизайнер десе тек киім үлгісін немесе үй мен көлік сәндейтін тұлға елестейді.

Десек те, бұл саланың екінің бірі біле бермейтін бөлімдері баршылық. Соның бірі - графикалық дизайнер. Осы мамандықтың қыр-сырын зерттеу барысында Bugin.kz порталы осы саланың білікті маманы Жігер Жұмахметпен сұхбаттасты. 

Графикалық дизайн саласы қаншалықты маңызды?

- Кез-келген компания, қандай да бір кәсіпті дамыту үшін сөзсіз графикалық дизайнға жүгіну керек болады. Сіз кәсіпкер болып, өз тауарыңыздың барлық қыр-сырын бес саусағыңыздай білсеңіз де, оны дизайнер сияқты бір композицияға үйлестіріп, ұсына алмайсыз. Логотиптер, баннер, баспа өнімі және т.б. дизайн өнімдері кез-келген кәсіпке ауадай қажет.

Қазақ тілді аудитория осы мамандықты қаншалықты біледі?

- Қазіргі таңда елімізде графикалық дизайн мамандары көбейіп келеді. Бұл дегеніміз осы мамандыққа деген сұраныстың бар екенін, оның қарқынды дамып келе жатқанын білдіреді. Қазақ тілді аудитория үшін графикалық дизайнның қаншалықты маңызды екендігін осы тұстан түсіне берсе болады.

Сапалы өнім жасау үшін қанша уақыт жұмсадыңыз, кімдерден үйрендіңіз?

- Бұл салада жұмысқа кететін уақыт ешқашан біркелкі болмайды. Әр өнімге индивидуалды түрде дизайн жасалынады. Оларға кететін уақыт та жағдайға байланысты есептелінеді. Ал графикалық дизайнға өзім келдім десем де болады. Бұл саланы алғашында өз бетімше үйреніп, кейіннен келе Қазақстанның алдыңғы қатарлы дизайнерлерінен курс алып білімімді толықтырдым.

Сіздің ойыңызша, тәжірибе маңызды ма әлде талант керек пе?

- Талантты адамға қарағанда көбірек практика жасаған қашан да алда болады. Өйткені қазіргі дизайн тенденциялары күнде өзгеріске ұшырап отырады десек те болады. Жаңа білім алып, ізденіс үстінде жүрген маман әрқашан алдыңғы қатарда.

Өзге елдермен салыстырғанда Қазақстанда графикалық дизайн қаншалықты дамыған?

- Еліміздегі графикалық дизайнерлер шет елдегі мамандардан кем түспейді деп айтар едім. Бұл мамандық бізде енді белең алып келе жатқадықтан, алдағы жылдары да қарқынды түрде дамып, еліміздің көркейіп, өсуіне үлкен септігін тигізетініне сенімдімін. Соңғы 10 жылдықпен салыстырсақ, еліміздегі қазіргі графикалық дизайнның деңгейі өте жақсы дамыған және шет елдермен де бәсекелесуге шама қарқыны жетеді деп ойлаймын.

Сұхбат бергеніңізге рақмет!