Саясат
Қаламқас кен орны
Маңғыстау облысындағы «Қаламқас» мұнай кен орнында тұтанған өртті ауыздықтау қиынға соғуда, деп хабарлайды bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазіргі кезде өртті сөндіруге Маңғыстау облыстық ТЖД, «Семсер - Өрт сөндіруші» ЖШС және «Файр протекшн ЛТД» ЖШС-нің 53 қызметкері және 12 техникасы жұмылдырылған. Бірнеше рет лафеттік ұңғылардың көмегімен өртті ауыздықтауға әрекет жасалды. Бірақ өрттің ошағына тікелей кіретін жолдар болмағандықтан, жалынды ауыздықтау әзірге мүмкін болмай отыр», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, 25 наурыз күні сағат 07-10-да Маңғыстау облыстық ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметіне Маңғыстау ауданындағы «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ-тың «Қаламқас» мұнай кен орнындағы ұңғымалардың бірінен шыққан газ жанып, биікті 10 метрге дейін жалын атқылап тұрғандығы туралы хабарлама түскен. Өрт аумағы 900 шаршы метрді құраған.
Оның алдында, 13 наурызында Маңғыстау облысындағы «Қаламқас» мұнай-газ кен орнында «Си Бу» инженерлік бұрғылау компаниясы» ЖШС жобалық тереңдігі 903 метрлік №8237 ұңғымасын бұрғылау барысында газ-су қоспасы атқылап, төтенше жағдай болған еді. Аталған факті бойынша Энергетика министрлігі Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясы батыс өңіраралық басқармасы мен Маңғыстау облыстық экология департаменті «Маңғыстау мұнайгаз» АҚ-ға қатысты тексеру тағайындаған.