ДАМУ

Көрнекті ғалым, ардақты ұстаз Аязби Бейсенқұлов 60 жаста

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Журналистика факультеті Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұйытқы болуымен ұстаз, ғалым, журналист, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Аязби Бейсенқұловтың 60 жасқа толу құрметіне орай «Қазіргі БАҚ пен баспа ісінің брендін қалыптастырудағы медиадизайнның рөлі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

Аталмыш конференцияда мерейтой иесі Аязби Бейсенқұловқа қара шаңырақ ҚазҰУ – дың ұжымы университет ректорының құттықтауын табыс етіп, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Сонымен қатар  баспасөз, теле-радио, IT және заманалы медиадизайн саласының бірегей майталманы, марғасқа маңдайлы публицистің тұлғалы болмысын, сонымен қатар бүгінгі БАҚ пен баспа ісінің өзекті мәселелерін айқындаған конференция жинағының тұсауы кесілді.

Бейсенқұлов Аязби Ахбергенұлы, 1963 жылы туылған, мамандығы - журналист, ҚазМУ-ды 1985 жылы бітірген. Филология ғылымдарының кандидаты, шифры - 10.01.10-журналистика. Халықаралық телевизия және радио академиясының (IATR) толық мүшесі. Барлық деңгейдегі газеттерде журналист, редактор болып қызмет атқарған, «Жас Алаштың» Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болды, Қазақ радиосының Жедел ақпарат орталығын, Жамбыл облыстық телеарнасын басқарған. Қазақстан журналистер одағы сыйлығымен 2 мәрте марапатталған. «Қазақ радиосы мен телевизиясының үздігі» атағына ие болған.

2001 жылдан 2010 жылға дейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті Телевизиялық және радиожурналистика кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған. Журналистік білім берудің қыр-сырын,  осы саладағы нормативтер мен нұсқаулықтарды жақсы біледі, білім беру стандарттарын жетілдіруге үлесін қосты және оқулықтар жазуға атсалысқан.

2012-2014 жылдары «Хабар» агенттігі» АҚ «Білім» телеарнасының бас редакторы ретінде білім беру бағытындағы мемлекеттік жаңа арнаның қалыптасуы мен эфирге шығуына үлкен еңбек сіңірді. Шығармашылық ұжымды басқарып, танымдық және білім берушілік бағыттағы контенттің дамуына елеулі үлес қосты. 4 жыл Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінде Телерадиожурналистика және қоғаммен байланыс кафедрасын басқарды. Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің қауымдастырылған профессоры.

А.Бейсенқұлов ғылыми, әдістемелік оқу құралдары мен публицистикалық еңбектер және деректі фильмдердің авторы ретінде танымал. Скопус жарияланымы бар, Хирша индексі-2. Бүгінгі ақпараттық сала тәжірибесін жетік біледі. Интернет, дизайн  және веб-технологиялардың жетекші маманы.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасында «Медиадизайн» оқу бағдарламасы бойынша магистранттарға дәрістер оқып, тәжірибелік сабақтар жүргізіп жүр. Магистранттар тарапынан жылы лебіз айтылып, өте пайдалы білім алғандарын көрсетуде. Жас докторанттар мен магистранттардың ғылыми жолдағы ізденістеріне қамқорлық жасап, бағыт-бағдар беріп отырады.

Аязби Бейсенқұлов негізі жаңа қаланған медиадизайн мамандығының майталманы, үздік оқытушысы. Қазақ журналистикасының теориясы мен практикасына заманауи білім беру бағдарламаларын енгізуге зор үлес қосқан ардақты ұстазымыз қандай қызметке болсын лайық!

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61