Bugin
"Қазгидромет" РМК 11-13 сәуір күндері ел өңірлерінде қалыптасатын ауа райына болжамын ұсынды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
"Қазақстанның басым бөлігінде атмосфералық фронталды бөліктердің өтуімен құбылмалы күн райы болжануда. Жауын-шашын күтіледі. Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында 11 сәуірде күні бойы, 12 сәуірде түнде кей уақытта жауын (жаңбыр, қар) қатты жаууы ықтимал.
Скандинавия аймақтарынан солтүстік-батыс антициклонының басып кіруінен еліміздің солтүстік бөлігінде ауа температурасы түнде 5-10 градусқа дейін төмендейді", - делінген синоптиктер мәліметінде.
Дегенмен, күндіз ауа температурасы біртіндеп жоғарылайтыны болжанады. 13 сәуірде термометр бағанасы республиканың солтүстік жартысында 10-18 градусқа, оңтүстікте 17-30 градусқа дейін жетеді. Республикада бойынша тұман, екпінді жел, оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл, найзағай, солтүстікте көктайғақ болжанады.