ДАМУ

Көктемде бет терісін безеуден қалай тазартамыз?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Көктем келгенде, адамның бет терісінде түрлі өзгеріс болады. Кейбірінің беті құрғайды, бірінде қара дақтар пайда болады, енді бірінің безеуі көбейеді. Бүгін тілшіміз безеу шыққан бет терісіне қалай күтім жасау керегі жайлы пайдалы кеңестер ұсынады.

Косметолог мамандар бетті қалай тазартамын демес бұрын, әр адам өзінің терісінің түрін білгені жөн дейді. Жалпы бет терісінің бірнеше түрі бар. Бірінші – майлылығы да, құрғақтығы да қалыпты түрі. Екіншісі – майлы түр. Ал үшіншісі – өте майлы әрі ұсақ тесіктері қатты білінетін проблемалы тері. Теріңіздің қай түрге жататынын анықтағаннан кейін ғана, соған сай күтім жасау қажет.

Бірінші, бетті арнайы көпірткіш құралдармен жуу керек. Одан соң таза болғанша тоникпен сүрткен жөн. Міне, осы кезеңдерден кейін ылғалдандырғыш сұйықтық не крем жаққан абзал. Сондай-ақ күн сәулесінен қорғайтын SPF кремін жағуды міндетті түрде ұмытпаңыз. Аптасына бір рет бетіңізге маска жасап тұрған да артық етпейді.

Сонымен кей адамдардың бетіне безеу жиі шығып кетеді. Маманның айтуынша, безеу жастар мен жасөспірімдердің арасында 70 пайыз кездеседі. Мұндай өзгерістер тек қана бетте емес, арқада, мойында, кеуде қуыстарында да пайда болады.

Безеулердің шығу себептері де сан түрлі. Мәселен:

•    иммундық жүйенің бұзылуы
•    косметиканың сапалы таңдалмауы
•    күйзеліске жиі түсу де әсер етеді 

Әсіресе, тері саңылауларын бітеп тастайтын комогендік жақпамайлар да безеудің пайда болуына басты себепкер болады. 
Ескерту: безеуден құтыламын деп, оны қолмен тазалап, сықпаңыздар. Бұл әрекет бет терісін одан әрі қабынтады Алайда үй жағдайында ғана күтім жасамай, арнайы мамандардың қабылдауына баруға кеңес береміз. Себебі, ағзаларымыздың дұрыс жұмыс істемегенінен де бетте түрлі өзгеріс пайда болады

Косметолог маманның қызметіне жүгінсеңіз, ең әуелі, бетті арнайы құрылғылармен тазартады. Әсіресе, мұрынды өлі клеткаларға толып қалған комедондардан арылтады. Кейіннен азелаинг пилингін жасайды, ол май бездерінің жұмысын реттейді әрі ағартады. Одан соң беттің тітіркенуін басу үшін күнге қарсы крем жағамыз.

Мінекей, қара нүктелерден арыламын, бетімді безеуден емдеймін десеңіз, айына бір рет косметологқа барып тұрыңыз.