Bugin

Бізде академиктер тым көп, кейбірінің таза ғылымға еш қатысы жоқ – Тоқаев

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Елімізде ғылым саласы артта қалды деуге болады және ұлттық ғылым академиясының жұмысы түбегейлі өзгеруге тиіс. Бұл пікірді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында айтты.

"Ғылымды дамытудың жаңа үлгісіне сәйкес Ұлттық ғылым академиясының рөлі ерекше болады. Ғылым академиясына жақында Президент жанындағы орган мәртебесі берілді. Оны қаржыландыру мәселесі шешілді. Академиктерге өмір бойы стипендия төленетін болды.

Бірақ осы жерде ашық айтуым керек: бізде академиктер тым көп, кейбір академиктердің таза ғылымға еш қатысы жоқ. Бір қарағанда, академик деген аты бар. Бірақ ғылымды дамытуға қосқан үлесін ешкім білмейді. Осындай академиктердің ғылыми сапасы да, олардың ғылымға қосқан үлесі де күмәнді. Бұл Академияға нұқсан келтіргені сөзсіз. Сондықтан Академияның жаңа басшылығы осы маңызды мәселеге назар аударуы керек. Ғылым академиясының беделі, абыройы мінсіз болуы қажет.

Нағыз ғалым болу – академик не болмаса доктор атағына ие болу емес, жан-дүниеңмен беріліп ғылыммен айналысу, зерттеу жүргізу арқылы қоғамға, елге пайдаңды тигізу екенін назарда ұстау қажет. Академияның жұмысы түбегейлі өзгеруге тиіс", - деді мемлекет басшысы.