ДАМУ

Көктемде тез салмақ тастаудың құпиясы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жаймашуақ көктемнің келуі әрбір жанның көңіл күйіне де ерекше әсер ететіні сөзсіз. Қыстың суығынан кейін жылдың жылы мезгілінде адамдар денсаулығына мән береді. Сонымен қатар тұла бойының сымбатын да назардан тыс қалдырмайды. Осы орайда алда жаз келе жатыр деп, арықтауға ұмтылатын жандарға бірнеше пайдалы кеңестер ұсынамыз.

Арықтау дегеніміз түбегейлі ас-судан бас тарту деген сөз емес. Дұрыс тамақтану арқылы да артық салмақтан арылуға болады. Ал дұрыс тамақтану –дәрумені мол тағамдарды аз-аздан, бірақ жиі-жиі жеу. Күніне бес мезгіл құнарлы тамақтану арқылы ағза да ашықпайды әрі арықтаудың да қамына кірісесіз. Назарларыңызға дұрыс тамақтану бойынша бір мәзір ұсынып отырмыз:

ТАҢҒЫ АС: ірімшік, қантсыз жасыл шай

ЕКІНШІ ТАҢҒЫ АС: алма, бір стақан компот

ТҮСКІ АС: қарақұмық немесе басқа жарма, тауық еті (қуырылған емес), көкөніс салаты

ЕКІНШІ ТҮСКІ АС: көкөністен жасалған салат

КЕШКІ АС: бұқтырылған қырыққабат пен сәбіз қосылған қайнатылған тауық еті

Иә, бұл – дұрыс тамақтану мәзірінің бір үлгісі ғана. Бастысы, тұтынатын мына қажетті тағамдарды білсеңіз, әрі қарай өзіңіз-ақ ас мәзірін оңай жасап аласыз. Адам бойына керекті дәрумендерді көкөністен алатыны белгілі. Соның ішінде бұқтырылған кәді, пісірілген картоп пен гүлді қырыққабат, суға піскен брокколи, асжапырақ және салат жапырақтары аса пайдалы. Бұдан жасалған тағамдармен қарынды тойдыруға болады және олардың денсаулыққа еш зияны тимейді, әрі сымбатыңыз да түзеле түседі.

Шетелдік диетологтар жұмыртқаның да арықтауға көмектесетінін айтады. Жұмыртқа тез тойдыратындықтан, мамандар ас мәзіріне қосуға кеңес береді.

Көпшілігі ұйықтар алдында тамақтанғысы келеді. Ал сондайда жеуге болатын керемет өнімнің бірі – балық. Алайда оның майы аз болуы керегін есте ұстаңыз. Мәселен, құнысбалық, хек, минтай, кета, камбала, ақсерке, нәлім, көксерке балықтарын суға немесе буға пісіру керек. Балықты пешке пісірсеңіз де, өте дәмді болып шығады.

Арықтаймын деген ниетіңіз болса, сүт қосылған қою шайды ұмытыңыз. Бұл толықтыққа ғана емес, қан қысымының ретсіз, жүрек қағысының әлсіз болуына да әсер етпек. Сол себепті сүт қосылған шайдың орнына көк шай ішкеніңіз жөн.

Тағы бір ескерту: нанның орнын кептірілген нанмен ауыстырыңыз. Бірақ оны да мөлшермен жеу керегін еске саламыз.

Кей жандар диета кезінде күріш жеу керек деп, қателесіп жатады. Алайда бұл – қате пікір. Оның орнына қарақұмық жеуге кеңес береміз. Өйткені бұл дақыл гемоглабинді көтеруге септігін тигізеді.

«Ас – адамның арқауы» екені рас. Біз ұсынған кеңестер кәдеңізге жарайды деп сенеміз. Жадыраған көктемде сымбатты әрі сау болыңыз!