Әлем

Пентагонның құпия құжаттарының жариялануы: АҚШ әскери базасының қызметкері ұсталды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

АҚШ Бас прокуроры Меррик Гарленд Пентагонның құпия құжаттарының жария болуына қатысы бар деген күдікпен Массачусеттегі АҚШ Ұлттық гвардиясының әскери-әуе күштері 102-барлау бөлімшесінің 21 жастағы қызметкері Джек Тейшейрдің тұтқындалғанын растады

"Бүгін түстен кейін ФБР агенттері Тейшейрді ешқандай кедергісіз тұтқынға алды", - деп мәлімдеді Гарленд.

Оның айтуынша, Тейшейр қорғаныс саласында құпияланған ақпараттары "заңсыз шығару, иелік ету және тарату" күдігіне ілігіп отыр. Бұған дейін Пентагонның ресми өкілі генерал Пэт Райдер баспасөз мәслихаты барысында ақпараттың жайылуы "қасақана жасалған қылмыстық іс" болғанын мәлімдеген еді.

Күдіктіні тұтқындауға оның үйіне сауытты көлікпен келген құқық қорғау органының бірнеше қызметкері қатысты. Тейшейр қарсылық көрсеткен жоқ, қолын басына қойып өз еркімен берілді.

Сәл бұрын америкалық БАҚ Украинадағы соғысқа және өзге де халықаралық істерге қатысты Пентагонның көптеген құжатының жарияланып кетуіне байланысты жаңа жайттарды жазған болатын.

Сәрсенбі күні кешкісін Washington Post әскери базаның жас қызметкері құпия файлдарды ойын чаты арқылы достарымен бөліскенін жазды. Ал бейсенбі күні New York Times басылымның журналисі аталған адамның аты-жөні мен лауазымын анықтай алғанын мәлімдеді.

Washington Post жарияланымында аталған адам құпия ақпараттарды ойынқұмарлар арасында танымал Discord платформасында «қару-жараққа, әскери жабдықтар мен Құдайға сүйіспеншілігін» бөлісетін мүдделестерінің шағын тобына ұсынғаны айтылады.

Америкалық екі шенеунік New York Times газетіне тергеушілер Тейшейрмен жеке онлайн топқа үкіметтік құжаттардың жария болуы жайында сөйлескісі келетіндігін растады. Шенеуніктердің бірі Тейшейрде тергеуге қатысты бар ақпараттың болуы мүмкін екендігін атап өтті.

Бірнеше ай бұрын пайдаланушылардың бірі осы шағын чат-топқа америкалық барлаудың жүзден астам беттен тұратын құжатын жүктеген.

NYT Thug Shaker Central чат-тобының 4 мүшесімен әңгімелесіп, олардың бірі кемінде 3 жыл бұрын ақпаратты жария еткен адамның кім екендігін білетіндігін айтқан. Ол онымен жеке кездескенін айтып, аты-жөнін O.G. деп атаған. Достары ол адамды топтың жасөспірім мүшелерінен жасы әлдеқайда үлкен әрі сөзсіз көшбасшы деп сипаттаған. Сонымен қатар олардың бірі O.G. жұмысында барлау құжаттарына қолы жетімді болғанын айтады. New York Times топ қатысушылары күдіктінің аты-жөнін айтпағанымен, цифрлық із Тейшейрді меңзейтіндігін жазады.

Сәрсенбі күні Discord мәліметтердің жария болуын тергеу барысында құқық қорғау органдарына көмек көрсететіндігін мәлімдеді.

Бұған қоса, болжамды күдіктінің аты-жөні баспасөзде бейсенбі күні жария етілген еді. Ал оның алдында ғана АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джон Кирби Би-би-сиге билік әзірше күдіктінің аты-жөнін білмейтіндігін айтқан.

"Бұл ақпараттың жария етілуінің қауіпті тізбегі болды. Оларға нақты кім жауап беретіндігін, мұны неліктен жасағанын білмейміз. Дегенмен, мұның ұлттық қауіпсіздікке қандай салдары болатындығын бағалауға тырысамыз және дәл қазіргі уақытта қылмыстық тергеу жүргізіліп жатыр. Түпкі мәнін бүгей-шігейлі анықтап, оны кім және неліктен жасағанын білгіміз келеді", - деген еді ол сәрсенбі күні.

Сонымен қатар Кирбидің айтуынша, кейбір құжаттардың түпнұсқа екендігін нақтылау қажет. Дегенмен аталған құжаттардың Үкімет пайдаланатын түрлі барлау көздерінен түскені анық екендігін аса айтты.