Саясат

«Қаламқас» кен орнындағы өрт әлі сөндірілген жоқ

Тілсіз жауды ауыздықтауға Атыраудан арнайы техника жіберілді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ресми орган өкілдері хабарлағандай, Маңғыстаудың «Қаламқас» кен орнындағы өрт әлі сөндірілген жоқ. 

Қазір оқиға орнында 20 техника мен жеке құрамның 83 адамы жұмыс істеп жатыр. Бірақ, қызыл жалынды сөндіру мүмкін болмай отыр. Сол себепті бүгін сағат 18:00 шамасында Атыраудан арнайы техника келіп жетуге тиіс. «Атыраудан газ-сумен өшіруге арналған өрт сөндіру автомобилі, өрт сөндіру-сорғы станциясы, өрт сөндіруге арналған жеңқұбырлы автомобиль жіберілді. Бұл бірін-бірі толықтырып тұратын тұтас кешен. 

Мұндай кешеннің бірі кешеден бері кен орнында жұмыс істеп жатыр. Алайда, нәтижесі мардымсыз. Бүгін сағат 20:00 шамасында техникаларды әзірлеп, өртті сөндіру үшін тағы бір рет қадам жасап көреміз», – деді төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. Оның сөзінше, бұл күнделікті орын алатын өрт емес, өте күрделі. «Әдетте мұндай өрт кезінде түрлі химиялық көріністер орын алады. Өрттің температурасы да тым жоғары. Оның үстіне Маңғыстау облысында желдің бағыты өзгеріп тұр. Бұл да жағдайды қиындатып отыр», – дейді комитет төрағасы. 

Энергетика вице-министрі Сәбит Нұрлыбай атап өткендей, өрттен қоршаған ортаға анау айтқандай зиян келіп отырған жоқ. «Тұрғындарға қатер төніп тұрған жоқ. Жақын маңдағы елдімекен – Шебір ауылы оқиға орнынан 70 шақырым қашықтықта жатыр. Өрттің экологияға зияны байқалмайды. Жағдайды күн сайын қадағалап отырмыз. Өңірде жылжымалы зертхана жұмыс істеуде. Жергілікті экология департаменті 13 наурыздан бері мониторинг жасап, ауаның, судың, топырақтың сапасын тексеруде. 

Оқиға орнынан 4,5 шақырым жерде Каспий теңізі жатқандықтан, «Қазгидромет» тарапынан да мониторинг жүргізілуде», – деді Сәбит Нұрлыбай. Еске сала кетейік, 13 наурызда Маңғыстау облысындағы «Қаламқас» мұнай-газ кен орнында төтенше жағдай орын алды. «СиБу» компаниясы тереңдігі 900 метрден асатын №8237 ұңғыманы бұрғылап жатқанда газ-су қоспасы атқылаған. Ал 25 наурыз күні 17 сағат 46 минутта өрт шыққан. Жоғарыда айтқанымыздай, өрт әлі сөндірілген жоқ. Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақовтың сөзінше, шығын көлемі әлі нақтыланбаған. Салғырттық танытқан жандардың бәрі жазаланбақ. 

Фархат Әміренов