Bugin

Жетім жүрген: ҰҚК бұрынғы содырдың 7 жасар қызын Сириядан елге қайтарды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті 11 наурызда Сириядан бұрынғы қазақстандық содырдың 7 жасар қызын қайтарды.

Бүлдіршінді елге қайтару бойынша гуманитарлық операция жарты жылдан астам уақытқа созылған.

Люлю Сирияда соғыс өрті өршіп түрған уақытта дүниеге келген. Әкесі ДАИШ-тың қатарына өз еркімен қосылған. Люлю бір жасқа толғанда анасы жарылыстан көз жұмады. Ал қыздың әкесі екінші рет үйленіп, 2019 жылы жаңа отбасымен Қазақстанға қашып шығады. Ал кішкентай қыз Сирия аумағында қалып қойған.

"Біз Түркия мен Сирияның шекарасынан ресми түрде өте алмадық. Өйткені соғыс болып жатқан жер ғой, ресми түрде өткізуге мүмкіндік жоқ. Ол жерде де қазақ сақшылары болды, "проводник" дейді ғой. Ақшасын берсең, өткізіп жібереді. Проводник маған екі топқа бөліну керек деді. Бізбен бірге әйелімнің ағасының жұбайы да (есімі – Гүлназ) болған. Ағасы қайтыс болды. Террористік топтардың қолына түсіп қалмау үшін екіге бөліндік. Маған әйеліңмен бірінші болып өтесің деді, ал бала-шағам әйелімнің ағасының отбасымен бірге екінші кезекпен өтуге тиіс болған", - деп мән-жайды баяндады қазір Қазақстанда жазасын өтеп жатқан Люлюдің әкесі.

Қазақстандық әйелімен бірге шекарадан бірінші кезекпен өтіп кеткен. Алайда олардың шекарадан өткенін террористік топтар біліп қалып, жолды жауып тастаған. Сөйтіп кішкентай Люлю жеңгесімен бірге Сирияда қалып қояды. Жарты жылдан кейін ақшасы таусылған Гүлназ Люлюді Сириядағы бір әйелге тастап, өзі амалын тауып, Қазақстанға қашып кетеді.

2022 жылы күзде Қазақстан ҰҚК-ның жедел қызметкері Анкара қаласында Адам құқықтарын қорғау ұйымының өкілдерімен кездеседі. Ресми кездесу барысында ұйым өкілдері Сириядағы лагерьлерде террористік топтардың құрамында болған содырлардың әйелдері мен балалары тұратынын екенін айтқан.

"Осыған байланысты біз түрік әріптестерімізбен бірлесіп, қыздың шашынан, ауыз қуысынан ДНҚ үлгісін алдық. Сараптама нәтижесінде Люлю біздің елде жазасын өтеп жатқан қазақстандық азаматтың қызы екені нақтыланды. Осыдан кейін елшіліктегі консулдық бөлімі арқылы қызды қайтару туралы құжат дайындалды", - деді ҰҚК жедел қызметкері.

Қызды Сириядан елге әкелу жұмысы оңай болмаған. Қазақстан тарапы Түркиямен келіссөз жүргізген. Түрік тарапының көмегімен Люлю Сирия аумағынан Түркияға, одан кейін Қазақстанға жеткізілді.

ҰҚК ақпаратынша, қазір бүлдіршін Астанадағы балаларды қолдау орталығында, психологиялық жай-күйі қанағаттанарлық. Медициналық тексеруден өтіп жатыр, оны бейімдеу және оңалту жұмыстары жүргізілуде.

Жақын арада Люлю туыстарына беріледі.

2019 жылдан бастап ҰҚК террористік аймақтардан кәмелетке толмаған 518 баланы, оның ішінде 34 жетім баланы отанымызға қайтарды.

ҰҚК Сириядан баланы қайтару туралы "Қош келдің, Люлю!" атты деректі фильмді жариялады.

Адам құқықтарын қорғау мониторинг орталығының дерегінше, Сириядағы соғыста тек 2015 жылы 11 мыңнан астам бала көз жұмған.