МӘДЕНИЕТ

Ұлы Жібек жолындағы жаңа қалалар: Мәдени-гуманитарлық байланыстың жаңа кезеңі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ұлы Жібек жолы – адамзат өркениетінің дамуына үлес қосқан мәдени мұра. Бұл экономикалық сауда жолы ғана емес, мәдениеттердің алмасуына, өркениеттің дамуына, мемлекеттер мен халықтардың жақындасуына ықпал еткен, Азия мен Еуропаны жалғаған алтын көпір.

2019 жылы Қазақстан Жазушылар Одағы мен «New Star Press» Қытай мемлекеттік баспасының арасында «Жібек жолындағы 100 қала» атты жобаны жүзеге асыру жөнінде екіжақты келісім жасалған болатын. Жоба аясында Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан тарихи қалалар туралы кітаптар шығару көзделген. «Жібек жолындағы 100 қала» атты кітаптар сериясы – «Бір белдеу, бір жол» аясындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жоба.

Осыған орай, 2020 жылы «Фолиант» баспасы Қытайдың «Шанхай» (Е Синь), «Чжухай» (Чэнь Юй, Цзянь Хонлян) және «Хами» (Цзяньдань) қалалары туралы кітаптарды жарыққа шығарды.

Ал биыл 22 сәуірде «EURASIAN BOOK FAIR – 2023» Еуразиялық халықаралық VI кітап көрме-жәрмеңкесі аясында Ұлы Жібек жолының бойындағы көне қалалар туралы кітаптардың таныстырылымы болады.

Қытайдың «New Star Press» мемлекеттік баспасынан қытай тілінде, «Фолиант» баспасынан қазақ тілінде жарық көрген Кәдірбек Сегізбайдың «Алматы», Несіпбек Дәутайұлының «Тараз» және Мархабат Байғұттың «Түркістан» атты еңбектерінің тұсаукесері өткізіледі.

Шараға ҚХР Шет тілдердегі әдебиеттерді шығару және тарату істері жөніндегі басқармасы, ҚХР Қазақстан Республикасындағы Елшілігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Жазушылар Одағының басшылары мен өкілдері, «Алматы» кітабының авторы мен қытай тіліне аударған аудармашылар, сондай-ақ Алматы, Тараз, Түркістан қалаларының әкімдері, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы және «New Star Press» Қытай мемлекеттік баспасы қатысады деп күтілуде.

Сондай-ақ ҚХР Шет тілдердегі әдебиеттерді шығару және тарату істері жөніндегі басқармасы мен «New Star Press» Қытай мемлекеттік баспасы  аталған кітаптарды ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қорына сыйға тартады.

«Фолиант» баспасы ұйымдастырып жатқан «EURASIAN BOOK FAIR – 2023» Еуразиялық халықаралық VI кітап көрме-жәрмеңкесі Ұлы Жібек жолының мәдени жалғасы болып табылады.

Еуразия кеңістігіндегі ең ірі халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі биыл алтыншы рет 19-23 сәуір аралығында Астана қаласындағы  «EXPO» Халықаралық көрме орталығында өтеді (Мәңгілік Ел даңғылы, 53/1).

 

«Eurasian Book Fair 2023» Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің атқарушы дирекциясы (тел: +7 707 371 0301; e-mail: info@eurasbook.com)