Bugin
Әлемдегі ең алып ұшақтың ұшқышы - 29 жастағы қазақ жігіті. Біржан Талғатбекұлы шетел әуекомпаниясында 600 жолаушыға шақталған әуекемесінде екінші ұшқыш.
Ол Алматыдағы азаматтық авиация академиясын бітірген. Біржан әке жолын қуып, осы мамандықты таңдаған. Әкесі - Талғатбек Кәмісханұлы да зейнеткер ұшқыш. Біржан отандық әуекомпанияда 7 жыл еңбек етті. Кейін 2019 жылы Біріккен Араб Әмірліктеріне құжат тапсырып, шақырту алған. Үш күн сынақтан өтіп, бірден жұмысқа қабылданған. Бүгінде ол - әлемдегі ең үлкен Airbus 380 әуекемесінің екінші ұшқышы.
Қазақстанда жинаған тәжірибе осы жақта өте маңызды болды. Сұхбатқа барған кезде мен түрлі тәжірибеден өткенімді айттым. Тауда да, ыстық пен суықта да ұшуға тәжірибе бар дедім. Сол оларға қатты ұнаған болуы керек. Мен сәтті өттім. Әр ұшқыштың арманы – командир болу. Өзімде де сондай арман бар. Алла қаласа, екі-үш жылда командир боламын деп үміттенемін, - дейді ұшқыш Біржан Талғатбекұлы.