Daryn news
Оны танып бастағаныма көп болмады. Бірақ көзі күліп тұрады. Ешқандай арам ойы жоқ, көңілі кіршіксіз адам екені білініп-ақ тұр. Басқалардың арасында ерекше жарқырап тұрады. Ол мені ең бірінші күлкісімен баурап алды. Өзіне жақсы қарайтын бала екені жүзінен, киім үлгісінен және үстінен шығатын жағымды иісінен білініп тұрады. Маған қарап күлімдегенде жүрегім езіліп кетеді. Сосын маған ғана осылай күлімдеп қараса екен деп армандай бастадым. Бір күні бірге отырдық. Иісі киіміме сіңіп қалыпты. Күні бойы бақыттан басым айналып, киімімді иіскеп жүрдім. Ол менің жақсы көретінімді сезді, білдіртіп те қойды. Бірақ қашқақтамады. Мен соған мәз болып, менде оған ұнайтын шығармын деп үміттендім. Көп уақыт өтпеді бір танысым оны 1 жылға жуық уақыт жақсы көретінін білдім. Есіме түскен сайын жылап алатынмын, жыламаған күнім болмады десем сенбейтін шығарсыздар. Оның ол қызға қарағаны, қамқорлығы, айтқан сөздері жүрегіме ауыр тиетін.
Өзіме айтып қоямын «кішкентайсың, сабақ, ұбт бар, оның үстіне махаббаттың мәнін білесің бе?» - деген сауал қоямын өзіме. Сонымен ол қызға да ауыр тиеді ғой деп оны ойлауды доғардым. Оған жазуға, сол адаммен сөйлесуге құмар болып тұрсам да өзімді тоқтатамын. Солай бір бірімізбен сөйлеспей кеттік. Әлгі қыз екеуі жүріп кетті. Қазір екеуі әдемі жұп. Әлі күнге дейін олардың бірге жүрген видеосын көрсем көз жасымды бір сығып аламын. Мен оны жібере алмадым. Әлі күнге дейін күлкісіне, дауысына ғашықпын. Құшақтап алғым келеді. Бірақ қызы бар. Өз өзіме рұқсат бердім оны жақсы көруге, тамсанып қарауға. Бір күні мені де біреу жақсы көріп оны ұмыттырар. Бірақ ол жігіт мен үшін Қозы десе қозы ғой.
Авторы: Базаргүл Піршөн