Білім және ғылым

Түркия елшісі ҚазҰУ-де қонақта

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Түркия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджумен кездесті.

Кездесуде Жансейіт Түймебаев бауырлас елдер арасындағы тығыз ынтымақтастық туралы баяндады. Бүгінде Түркия мен Қазақстан жоғары оқу орындары және институттары арасында ғылым, жоғары білім және мәдени бағытта тығыз байланыс орнаған. Атап айтқанда, Ыстамбұл, Йедитепе, Анкара, Мимар Синан сияқты 45 жетекші жоғары оқу орнымен әріптестік жолға қойылған. «Мевлана» халықаралық бағдарламасы аясында Түркия университеттерімен 31 ынтымақтастық туралы келісім бар.

«2022 жылы Ыстамбұл университетінде ҚазҰУ филиалы ашылды. Университетте 1996 жылдан бері ТҮРКСОЙ кафедрасы табысты жұмыс істеп келеді. Биыл ҚазҰУ-дың медицина, жоғары оқу орнына дейінгі білім беру, география және табиғатты пайдалану, заң факультеттері мен Экономика және бизнес жоғары мектебінде түркиялық 82 студент білім алуда. Сонымен қатар туыстас елде орын алған зілзаладан кейін біз түрік студенттеріне және алдағы уақытта оқуға түсушілерге арнайы жеңілдік жасадық», – деді өз сөзінде Ректор.

Мәртебелі мейман өз кезегінде Түркия елінде орын алған жойқын зілзала кезіндегі қолдауы үшін университет ұжымына алғысын жеткізді. ҚазҰУ-дың 115 мың доллар көлемде көрсеткен елеулі көмегін атап өтіп, әсіресе киіз үйлердің Хатайдағы халыққа көп шарапаты тиіп жатқанын жеткізді.

Кездесу соңында екі тарап Ел Президенттерінің ынтымақтастық бастамаларын жалғастырып, жаңа бағдарламаларды бірлесіп жүзеге асыруға уағдаласты.

Ошанова Орынтай,

доцент, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ