Әлем
Түркиядағы атыс кезінде қазақстандық азамат жараланды. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, ер адам Ыстамбұлдағы ауруханалардың бірінде жатыр.
18 сәуірде Ыстамбұлдағы Қазақстанның Бас консулдығына ер адамнан қоңырау түскен. Ол атыс қаруынан жарақат алғанын хабарлаған.
Оқиға Чекмекёй провинциясында болған. Көпқабатты үйлердің бірінің жанында белгісіз екі адам оқ жаудырған.
Сыртқы істер министрлігі 31 жастағы қазақстандықтың оқыс оқиға кезінде сол жерде кездейсоқ болып, оқтың бірі оған тигенін хабарлады.
Ведомство ер адамның консулдыққа хабарласып, жарақаты туралы айтқанын мәлімдеді.
Қазақстандық дипломаттар оны Ыстамбұлдағы ауруханалардың біріне жеткізді. Сонымен қатар қазақстандықтың Түркияда отбасымен бірге болғаны белгілі болды. Ол екі жасар қызын емдетуге әкелген.