ДАМУ

Романтикалық кешкі ас ұйымдастыруға көмектесетін 9 кеңес

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Махаббаттың қаншалықты тәтті сезім екенін түсінсеңіз, соншалықты жауапкершілік екенін білетін боларсыз? Қос тараптың бір-біріне «сүйем, күйем» деуінен өзге қанша жұмыс атқарылуы керек: бір-біріне қолдау, шешімін таппаған істеріне ақыл қосу, қызығатын дүниесі жайлы білу, т.б. Алайда сезімді нығайту үшін үнемі әңгімелесе беру жеткіліксіз болады. Арасында күнделікті тіршіліктен бір уақыт сытылып, махаббатыңызға ерекше көңіл бөлу керек. Bugin.kz тілшісі ғашығыңызға эмоциялы тұрғыда естен кетпес әсер сыйлау үшін романтикалық кездесу ұйымдастыруға кеңес береді.

Алдын ала ескерту: кешкі асты ұйымдастырушы жігіт не қыз деп бөлінбейді!

УАҚЫТ

Алдымен, уақытын белгілеп алыңыз. «23.03.23 ж. күні сағат 23:23-те» дегендей әдемі бір датаға сәйкес келтіруге болады. Алайда күннің тек мұндай сандардан тұруы міндетті емес. Әр күннен мереке жасауға болады. Бастысы, ғашығыңызға алдын ала сол күнге жоспарыңыз барын ескертіп қойыңыз (не екенін айтпаңыз, тосынсый болсын). Шақыру хатын жолдасаңыз, тіпті, әсерлі болмақ.

ОБРАЗ

Мұндай маңызды күні образыңызға да мән беріңіз. Күнделікті киіп жүргеніңізден өзге киім таңдағаныңыз дұрыс. Сонда ғашығыңызға да ерекше әсер сыйлайсыз. Алайда тек өзіңіз сәндене бермей, жұбыңызға да әдемі киім киіп шығуын аз-маз қадағалап қойыңыз.

ОРЫН

Маңызды дүниенің бірі – кешті қай жерде өткізетініңізді ойластыру. Үйде немесе мейрамханада, қайсысында ұйымдастырғыңыз келеді? Таңдау – өзіңізде. Алайда сүйіктіңізге ерекше уақыт бөлген соң, үйден бөлек жерде кездескендеріңіз жақсы болады. Өйткені шаңырағыңызда кешкі ас ішкен соң, оның орнын жинасаңыз, шаршап кетуіңіз мүмкін. Алдын ала тағамды да өзіңіз әзірлесеңіз, тіпті, көңіл күйіңіз түсіп кетеді (өзіме ұнайды десеңіз, қарсылық мүлде жоқ). Сол үшін мейрамхана нұсқасын таңдауға кеңес береміз.  Жоғарыда аталған біраз келеңсіздіктің алдын алып, маңызды жұмыстарды өз маманына тапсырасыз. Бастысы, қалтаңызға қатты салмақ салмайтын орынды таңдаңыз.

ҰСАҚ-ТҮЙЕК

Романтикалық кешкі ас дегенде, көз алдымызға бірден майшам елестейді. Яғни бұл ұсақ-түйек көрінгенімен, ерекше мәнге ие нәрсе. Мұны да мейрамхана қызметкерлерімен ақылдасып алыңыз. Шамшырақ жағуға рұқсат ете ме, біліп алыңыз. Ал үйде болсаңыз, сатып алуды ұмытып кетпеңіз.

Сонымен қатар үстелдегі стақанның түрі мен майлықтардың түсіне де мән беріңіз.

ТАҒАМ

Сүйіктіңіз қандай тағамды жақсы көретінін білетін шығарсыз, иә? Ендеше мәселе жоқ. Ал білмесеңіз, ұят екен. Әзіл. Иә, мұның ұят екенін әзіл дей отырып, ғашығыңыз сүйсініп жейтін асты біліп келуді тапсырамыз.

Кездесуді үйде ұйымдастырсаңыз, тағамды өз қолыңызбен әзірлесеңіз де болады. Ал мейрамханада болса, ғашығыңыз жейтін ас мәзірде бар-жоғына назар аударыңыз. Алдын ала даяшыға тапсырыс беріп қойсаңыз да болады. Сонда да сүйіктіңізден тағы не қалайтынын сұраңыз. Бәлкім, десерт жегісі келіп отырған болар?!

ЕКЕУІҢІЗ ҒАНА

Егер сіздер үйленген жұп болсаңыздар, бала-шағаңыз бар болса, бұл күні тек екеуіңіз ғана жолығыңыздар. Өйткені мұндайда ата-ана балаларының не ішіп-жегеніне назар аударып, романтикалық кездесуде отырғанын ұмытып кетеді. Балаларды ата-әжесіне не басқа ең жақын жандарыңызға тапсырып кетіңіздер. Сонда екеуіңізге ғана арналған кештің аурасын сезінесіздер.

МУЗЫКА

Егер мейрамханада музыка таңдауға мүмкіндік болса, сүйіктіңізге ұнайтын әндердің тізімін қызметкерлерге беріп қойсаңыз болады. Бұл да ерекше әсер сыйлайтын сәттің бірі болмақ. Елестетіңізші: ғашығыңызды мейрамханаға алып келдіңіз. Көзі бақыттан бал-бұл жайнаған жұбыңызбен екеуіңіз ғана тамақтанып отырсыздар. Кенет музыка ойнай бастайды. Ол – сүйіктіңізге ұнайтын әуен. Ғажап емес пе?!

СЫЙ

Әуен ойнап тұрған тұста жасырып қойған гүліңізді сыйласаңыз, тіпті, әсерлі бола түспек. Бұл жерде де ғашыңызға ұнайтын гүлді таңдаңыз.

Ал жігіттерге өзі қалап жүрген сыйлық беруге болады.

Бірақ бұл пункт аса маңызды емесін ескертеміз.

КӨҢІЛ КҮЙ

Кеш барысында ең ескерер нәрсе – жақсы көңіл күй. Сонда жоғарыда ұйымдастырған дүниенің бәрі босқа кетпейді.