ДАМУ

Тіске күтім жасаудың 7 ережесі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Денсаулықты сақтау қарапайым қадамдардан басталады. Мәселен, күнделікті тісіңізге дұрыс күтім жасасаңыз, болашақта ауыз қуысында пайда болатын небір аурудың алдын аласыз. Осы орайда тіске күтім жасаудың 7 ережесін ұсынамыз.

1-ереже: тістеріңізді дұрыс тазалаңыз. Тісті күніне кемінде 2 рет, таңертең және кешке ұйықтар алдында тазалау керек. Егер сіз ас ішер алдында тазалағыңыз келсе, онда 15 минут бұрын іске кірісіңіз. Өйткені тіс пастасының дәмі тағаммен араласып кетеді. Содан кейін аузыңызды сумен шайыңыз.  Суға жарты шай қасық сода қосуға болады.

Егер сіз тамақтанғаннан кейін тістеріңізді тазалағанды қаласаңыз, бұл да жақсы әдет. Өйткені осылайша ауыз қуысыңызды тамақ қалдықтарынан бірден арылтып отырасыз.

2-ереже: тіс жібін қолданыңыз. Тіс жіптерінің хош иісті, фтормен қапталған, жалпақ деген секілді бірнеше түрі бар. Өзіңізге қайсысы ұнайды, соны таңдаңыз. Алдын ала тіс дәрігерімен ақылдасып алсаңыз да болады.

Ұйықтар алдында күніне бір рет тіс жібімен тазалап алыңыз, кейін пастаны қолданасыз. Жіптің қозғалысы тек тістің осі бойымен жасалады.

3-ереже: тіс щеткасын дұрыс таңдау керек. Тіс щеткасында жасанды қылшық талшықтары болуы керек. Тіс щеткасы басының ұзындығы шамамен 2-2.5 тіске тең болуы керек. Қылшықтардың қаттылығын тіс дәрігері таңдайды. Егер сізге таңдау қиынға соқса, орташа қатты щетканы алған дұрыс.

4-ереже: тіс пастасын дұрыс таңдаған жөн. Тіс пасталарының саны өте көп және әрқайсысының өзіндік қызметі бар. Профилактикалық, құрамында емдік қоспалары бар, ағартқыш т.б. секілді түрлері бар. Сізге қайсысы қажет екенін тек тіс дәрігері айта алады. Алайда ешқандай паста тісіңіздегі тастар мен вирустарды жоя алмайды. Ол үшін стамотологқа кәсіби тазалатқан абзал.

Сатып алатын тіс пасталары тісіңізді 30% ғана кальций, фтормен қамти алуы мүмкін. Сондықтан бұл дәрумендерді сүт, айран, сүзбе, ірімшік, жасыл шай, бұршақ дақылдары, ақжелкен, аскөк, кинза, т.б. тағамдардан ала аласыз.

5-ереже: тістерді тазалау уақыты. Тістерді тазалаудың орташа уақыты – 2-3 минут. Тіске щетканы қатты батырмау керек. Жеңіл ғана қызыл иектен бастап тіске дейін жүру керек. Щетканы да тістердің орналасуына төмен-жоғары қозғалту керек.

6-ереже: ауыз қуысының жұмсақ тіндерін тазарту. Біз тісті тазалағанымызбен, ауыз қуысына толық мән бере бермейміз. Сол үшін тілді де, қызыл иекті де тазалау керегін еске саламыз. Щетканың артқы жағында жұмсақ тіндерді тазартатын қосымша бөлігі бар, соны қолдану керек. Егер тілде ақ дақтар пайда болса, тіс дәрігерінен кеңес сұрағаныңыз жөн.

7-ереже: ауыз шайғыштарды қолдану. Мұның да түр-түрі бар. Дәрігердің кеңесімен ауыз қуысыңызға сәйкес келетінін таңдау керек. Егер дәрігерге баруға мүмкіндік болмай жатса, профилактикалық түрін таңдаңыз. Шайғыштардың құрамында сұйық түрдегі белсенді заттар бар. Олар тісті тісжегі мен қызыл иек ауруы гингивиттен қорғайды.