ДАМУ

Сізге сенім сыйлайтын 3 тәсіл

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Адамдардың көпшілігі өмірде өз орнымды тапсам дейді. Мамандар ол үшін күнделікті даму керегін айтады. Кейде барлығы ретімен болып жатса да, өзін «жоғалтып алатын» жандар да жоқ емес. Бүгінгі ұсынып отырған 3 тәсіл адамға сенім сыйлауға көмектеседі деген ниеттеміз.

1. Мазасыздықтың себебін іздеу

Не себепті өзіңізге сенуден қалдыңыз? Құр уайымның үстіне уайым жамағанша, мүмкін осы сұрақтың жауабын іздеу керек шығар? Сонымен қатар тағы да бірнеше сауал қойсаңыз, мәселенің түбін табуға болады. Мәселен:

Өзіңізді басқа адамдармен салыстырасыз ба? Бәлкім әлеуметтік желідегі әдемі өмірлерге қызығатын боларсыз?

Бәрі мінсіз болуы керек деп, өзіңізге қатаң талап қоймайсыз ба?

Ата-ана, бауыр, әріптес, достарыңыздың сізге көзқарасы қандай деп ойлайсыз? Мүмкін олардың ойы сізге әсер ететін болар?

Сіздің өміріңізде бар адамдар сізге қалай қарайды? Достар, бастық, әріптестер, сүйікті адам сізбен қалай байланысады? Олардың жолдары мен пікірлері сіздің сенімсіздігіңіздің себебі болуы мүмкін?

Бұл сұрақтарға жауап тапсаңыз, өзіңізді бағалауыңыз қандай факторға байланысты өзгеріп жатқанын білуге болады.

2. Кім екеніңізді еске алу

Дәптердің парағын екіге бөліңіз де, біріне жақсы, біріне жаман қасиеттеріңізді жазып шығыңыз. Енді қай бағанды бірінші толтырғаныңызға зер салыңыз: жақсы қасиетіңізден бастадыңыз ба, әлде жаманнан ба? Әдетте мұндай тапсырмада адамдар жағымсыз қасиеттерін жазуға бірден қалам тербейді. Осыдан да тапсырмалар арқылы өзіңізге деген құрметіңіздің қандай деңгейде екенін саралауға болады.

Өзіңізді бақылауға байланысты тағы бір тәсіл: бір параққа осы уақытқа дейін жеткен 100 жетістігіңізді жазып шығыңыз. Әрине, қалайша жүз жетістік таба аламын деп уайымдауыңыз мүмкін. Алайда жай ғана уақытылы ұйықтауға дағдыланғаныңыздың өзі жетістік екенін ұмытпаңыз. Бұл тапсырмадан соң өзіңіздің қабілеттеріңіз жайла ойланып, іштей бір сенім қалыптасатыны сөзсіз.

3. «Жоқ» деп айтып үйреніңіз

Біз кейде өмірде кез келген дүниеге ашық-жарқын болғанымыздан да өзімізді жоғалтып алуымыз мүмкін. Иә, қарым-қатынас құрған, адамдармен араласқан жақсы. Алайда мұның да шегі болу керегін ескеріңіз. Сол үшін жаныңызға жайлылық сыйламайтын ортадан алыстаңыз. Көңіліңізге қонбайтын кештерден қашыңыз. «Жоқ» деп жауап беріп үйреніңіз.

Сондай-ақ сіздің іштей күйбелеңге түсуіңізге керексіз ақпараттар әсер ете ме? Оған да «жоқ» деңіз. Қызықпайтын жаңалықтарды оқымаңыз, өзіңізге ұнайтын пабликтерге ғана жазылып қойыңыз.

Тағы бір «жоқты» мына кезде айтыңыз: өзіңіз қалап жүрген бір нәрсені бастағыңыз келеді, бірақ қорқасыз. Міне, осы кезде батыл түрде «ЖОҚ» деп айту керек! Өйткені әлі белгісіз дүние жай ғана біздің күш жинап, сол іске кірісіп кетуімізді күтіп тұрады. Есесіне, кейін өзіңізге ерекше сенім сыйлайтын жағымды эмоцияны сезінуіңіз мүмкін.

Жоғарыда аталған тәсілдер кәдеңізге жарайды деп үміттенеміз. Сеніміңізге селкеу түспесін!