Bugin

"Саясат – саясат": Министр тәліптермен тығыз байланыс орнайтынын айтты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Вице-премьер, сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың маңызы туралы айтты.

Оның айтуынша, Қазақстанның бұл елмен сауда ынтымақтастығының келешегі зор.

"Біз Ауғанстанмен ынтымақтасып, сауда жасаймыз. Сауда көлемі 1 миллиард долларға жетті. Мысалы, бұл Әзербайжан және Түрікменстан елдерімен жасалған саудадан көп. Сондықтан саясат – саясат, ал экономика – экономика. Біз бұл сауда ынтымақтастықты дамытамыз", - деді Жұманғарин.

"Біз бидай, ұн, күнбағыс майын жеткізе аламыз. Мұндай мүмкіндіктен не үшін бас тартуымыз керек? Бұл біздің мемлекетімізге пайда әкеледі", - деп жалғастырды ол.

Министрдің айтуынша, қазір қазақстандық кәсіпкерлер нарықты зерттеп, ауған кәсіпкерлерімен танысып жатыр.

"Олар Қазақстанды, біздің мүмкіндіктерімізді көру үшін жергілікті кәсіпкерлермен танысып жатыр. Соңғы жолы біз ол жаққа азық-түлік өнімдерін өндірушілерді ғана емес, жер қойнауын пайдаланушыларды да апардық. Себебі Ауғанстанның жер қойнауы өте бай ел. Олар өте қызығушылық танытты", - деді Серік Жұманғарин.

Сонымен қатар министрдің айтуынша, Қазақстанға ауған кәсіпкерлерін шақырып, бизнес-форум өткізуді жоспарлауда.

Ол тәліптердің жерінде Қазақстанның сауда үйін ашылып, өкіл тағайындалғанын айтты.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі Астанада тәліптердің елшілеріне аккредитация беретінін айтқан болатын.