ДАМУ

Дұрыс тамақтану режиміне қалай көшкен дұрыс?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Деннің саулығы үшін бірнеше қағидаларды орындаса жеткілікті. Мәселен, егер адам дұрыс тамақтанып, жүйелі ұйықтап, спортпен шұғылдануды қолға алса, салауатты өмір салтын қалыптастырып жатыр деген сөз. Айтуға оңай болғанымен, мұны өмірде қолдану қиынға соғады. Сол үшін барлығын бірден емес, біреуінен бастаған жөн. Bugin.kz тілшісі дұрыс тамақтануды қолға алуға байланысты лайфхактар ұсынады.

Маман кеңесі

Бұған дейін жеп келе жатқан асыңыздан бірден бас тартпаңыз. Дұрыс тамақтану режиміне көшу үшін алдымен нутрициологпен кеңескеніңіз жөн. Кейде арнайы талдау жасатып, ағзаны тексеріп алады. Есесіне денсаулығыңыздың жай-күйінен хабардар болып отырасыз.

Бастысы, мұның барлығын қиындатпау керек. Дұрыс жолға өзгеріп жатқаныңызды ойлап, өзіңізді мақтап қойыңыз. 

Мәзір дайындау

Түрлі пайдалы тағамдардан екі аптаға мәзір дайындап қойыңыз. Олардың бір-біріне ұқсамайтын әрі дәмді болуына ерекше мән берген дұрыс. Өйткені дұрыс тамақтану суға асылған қарақұмық емесін ескеріңіз. Басынан бастап татымы жоқ тағамды жесеңіз, ешқашан дұрыс тамақтану режиміне көше алмайсыз.

Аптасына бір жаңа тағам жеу

Мәзірдегі тамақты үздіксіз жей берсеңіз, жалығып кетеріңіз сөзсіз. Сол үшін әр аптаға бір жаңа тағам түрін қосып түрлендіріңіз.

Жаңа ыдыс-аяқ алу

Егер сіз көбіне үйден тамақтанар болсаңыз, ыдыс-аяқтарға мән берген жөн. Жаңасын алып, дастарханыңызды жайнатып қойыңыз. Сонда дұрыс тамақтануға деген көзқарасыңыз да жақсара түседі.

Тамақтанатын орындар тізімі

Сіз осы жолды таңдаған соң, тек үйде емес, сыртта да дұрыс тамақтануды қолға алу керек болады. Ол үшін мейрамханалар мен кофеханалардың мәзірін қарап, сізге жеуге болатын тағамдары бар-жоғын анықтап алыңыз. Тіпті сондай тамақтанатын орындардың тізімін жазып шықсаңыз да болады. Сонда «қайда барып, не жеймін?» деген сұрақпен бас қатырмайсыз.

Орта

Адамдарды қызығушылықтары біріктіреді. Сол үшін өзіңіз секілді дұрыс тамақтануға көшкісі келіп жүрген не осы жолда бірнеше уақыттан бері келе жатқан жандармен араласыңыз. Мүмкін сондай клубтар бар шығар? Бастысы, жеке компанияларының дәрі-дәрмегін ұсынатындарға алданып қалмаңыз.