Bugin
Шымкентте "Гарант-24" қаржы пирамидасына алданғандар сот алдына жиналды. Жұрт не үкім шығармай, не ақшаны қайтармай халықты әбігерге салып жатқан заң өкілдеріне қапалы.
"Мен 3 миллион салдым. Кредитті әлі төлеп жатырмын. Бір тиын үйге пайдам жоқ. Келінге, балаға, үйге жексұрынбыз", - дейді жәбірленушілердің бірі.
Жарнамасы жер жарған "Гарант-24" құрбандары әлі күнге дейін әділдікке жете алмай жүр. Айтуларынша, 3,5 жылдан бері сот табалдырығын тоздырып келеді. Ал сот процесі сағызша созылып жатыр дейді ашынғандар. Салдарынан алдағандардың арасында ақшасын қайтармақ былай тұрсын, отбасынан айырылып, тіпті ажал құшқан салымшылар да бар көрінеді.
"Менің сыныптасым 10 млн салған, осының кесірінен қайтыс болып кетті. Көп адам ажырасып кетіп жатыр. Балалар жетім қалып жатыр", - дейді жәбірленуші Әлпайым Жүнісова.
Жәбірленушілердің айтуынша, қаржы пирамидасына 2 мыңға жуық шымкенттік алданған. Алданғандардың ең кемі 1 млн теңге берсе, ең көбі 62 млн теңге қаржысын сеніп тапсырған. Енді бұл соманы қайтармақ түгілі бізді тізімнен қысқартып жатыр дейді жиналғандар.
"Бірінші сот болды. Бірінші істе 900 адам болды тізімде. Екінші бөлектетілген істе 270 адам болды. Соның ішінде мен жоқпын. Көп адамды осылай алып тастаған. 8 млн 790 мың теңгемді тезірек қайтарып беруін талап етемін. Кредит алып салғанмын. Міне әлі төлеп жатырмын. Әлі 2 жыл төлеймін", - дейді жәбірленуші Кенжеайым Сейтметова.