Bugin
Қазақстан Ресейді «агрессор ел» деп таныды». Бүгін әлеуметтік желіде осындай ақпарат тарады. Аталған ақпаратты таратып жатқандар арасында Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи, қоғам белсендісі Арман Шораевтар бар.
Қазақстан Ресейді «Агрессор ел» деп таныды. Өткенде елімізге келіп кеткен АҚШ лауазымды өкілінің әсері болған сияқты. Бұл да елдегі өзгеріске деген ықыластың бір белгісі. Әйтеуір азу көрсеттік екен, енді ақыры баянды болсын деп тілейік, - деп жазды Бәпи.
Шын мәнінде 26 сәуірде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы «БҰҰ мен Еуропа Кеңесі арасында ынтымақтастық» атты қарар қабылдаған. Бірақ ол жерде Ресейді «агрессор» деп тану айтылмаған. Құжат преамбуласында Ресейдің Украинаға, одан бұрын Грузияға агрессиясы туралы бір сөйлем бар. Мұны Бәпидің әріптесі, Мәжілістегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан толықтырып жазды.
БҰҰ мен Еуропа Кеңесі әртүрлі бағыттар бойынша, атап айтқанда COVID-19 бойынша, демократия мен заң үстемдігін ілгерілету, сөз бостандығы мен гендерлік теңдікті ілгерілету, сондай ақ, терроризм, адам саудасы мәселелері қамтылған құжатты қабылдады, - дейді депутат.
Оның айтуынша, сексуалдық және гендерлік зорлық-зомбылықпен күресу үшін барлық деңгейлердегі ынтымақтастықты нығайтуға шақырған.
Басқа ережелермен қатар Ассамблея БҰҰ мен Еуропа Кеңесінің бас хатшыларын жаһандық сын-қатерлерге жауап іздеуде күш-жігерін біріктіруге үндеді. Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының барлық тиісті органдарын Еуропа Кеңесімен ынтымақтастықты арттыруды қолдауға шақырды, - дейді Айгүл Құспан.