МӘДЕНИЕТ
Күні кеше Нью-Йорк қаласындағы Метрополитен өнер мұражайында жұлдыздар мен бай-бақуатты адамдардың басын қосатын Met Gala қайырымдылық кеші өтті. Бұл іс-шара музейдің жыл сайынғы қаражат жинау үшін ұйымдастырылатын гала қайырымдылық кеші. Ол өзінің экстраваганттық сәнімен және атақты қатысушыларымен танымал.
Шараның әр жыл сайын белгіленген тақырып аясында өтетіні белгілі. Кеш жұлдыздары тақырыпқа қатысты ерекше сәнді болып келіп, ұзақ уақыт көпшіліктің талқылауында жүреді. Биылғы кештің тақырыбы марқұм дизайнер, модельер Карл Лагерфельдтің мұрасына арналды. Осылайша ұйымдастырушылар 2019 жылы 85 жасында өмірден озған дизайнердің еңбегіне құрмет көрсетуді жөн көрді. Көрмеде Лагерфельдтің мансабындағы 150-ден астам туындысы, Balmain, Chloé, Fendi, Chanel компанияларындағы эскиздері мен дизайндары және аттас бренді ұсынылды.
Іс-шараға дизайнерлер, сән иконалары және Голливуд жұлдыздары сияқты 400-ге жуық қонақ қатысты.
Анна Винтур мен Билл Найи Getty Images
Met Gala кешін теннисші Роджер Федерер, әнші Дуа Липа, актриса Пенелопа Круз және Микайла Коул жүргізді. Сондай-ақ тізімде 1995 жылдан бері атақты шараны ұйымдастырып келе жатқан Vogue журналының бас редакторы Анна Винтур болды.
Кешке қатысқан қонақтарды өзара 4 санатқа бөліп қарастыруға болады.
Ең алдымен Карл Лагерфельдтің сүйікті мысығы Шупеттің құрметіне, мысық образын қайталағандарды айтуға болады. Себебі дизайнердің сүйіктісінің бейнесін қайталаған образдар желілерде лезде таралып, үлкен танымалдыққа ие болды. Жыл сайын дәл осы шарада ерекше көзге түсетін Джаред Лето осы санаттан табылды. Ол Шупетт образында келіп, тағы да көпшілікті таңқалдырды. Ал костюмінің астында total black образы жасырынған.
Мысық болып киінген тағы бір жұлдыз Doja Cat. Әншінің өз лақап атына сай болғанын айта кету керек. Карлдың мысығының түрін айнытпай бейнелеуге тырысқанын да аңғаруға болады.
Айта кету керек, сәуірдің басында шарада танымал мысық, Карл Лагерфельдтің заңды мұрагері Шупетт те бой көрсетеді деген болжамдар болғаны рас. Алайда көпшіліктің көзайымына айналған мысық кешке келмеді. Дизайнер Карл Лагерфельд 85 жыл өмірінде 200 миллион еуро табыс тауып үлгерді, бірақ оның әйелі де, балалары да болған жоқ. Сондықтан 2019 жылы ол қайтыс болғаннан кейін бұл байлықтың бәрі Шупетт есімді мысыққа қалды. Осылайша ол тарихтағы ең бай мысықтардың бірі болып шыға келді.
Келесі санаттағылар Лагерфельдтің сүйікті стилі саналатын ақ-қара түстегі образға басымдық бергендер. Кеш жұлдыздарының дені дәл осы стильді ұстанғанын айта кету керек. Олардың құрамында Кристен Стюарт, Флоренс Пью, Джереми Поуп, Лили Коллинз, Дженни, Карди Би, перформанс жасаған Жанель Моне, биылғы Оскардың лауреаты Мишель Йео да болды.
Үшінші санатта Карл мұрасын іс жүзінде зерттеп, дизайнердің жұмыстарын ақтарып, еске түсіру мақсатында қайта жаңғыртқандар.
Мәселен, Николь Кидман 2004 жылғы Chanel N°5 жарнамасындағы көйлегін қайта киіп таңданыс тудырса, кеш жүргізушілерінің бірі, әнші Дуа Липа 1992 жылғы кутюр шоуындағы Клаудия Шиффердің үйлену көйлегін қайталаған, Наоми Кэмпбелл 13 жыл бұрынғы коллекциядағы, Марго Робби - 30 жыл бұрынғы коллекцияды образды қайталады. Valentino киген Рианна мен Gucci-де келген Asap Rocky бір-бірін толықтырып тұрғандай әсер қалдырды. Сондай-ақ Карл Лагерфельд 1960-80 және 1990 жылдары екі рет креативті директор болған Chloe брендінің мұрағатын ақтарғандар да болды. Ал саяси белсенді Хума Абедин Карлдың Fendi-дегі коллекциясындағы көйлекпен шықты. Бұл санатта да ерекшеленген жұлдыздар аз болмады. Бірақ дәл осы тұста олардың стилистерінің ізденісі мен зор еңбегі шын байқалғанын айтпай кетуге болмас.
Соңғы санатта тақырыптан ауытқыған немесе тақырыпқа мән бермеген кеш қонақтарын айтуға болады. Олардың арасында қызыл палито мен шұлыққа акцент берген Педро Паскаль, Yohji Yamamoto көйлегіндегі Ирина Шейк, Haider Ackermann кимоносындағы Кайли Дженнер сынды жұлдыздарды ерекше атай аламыз.
Қорытындылай келе, Met Gala 2023 сән, гламур және марқұм Карл Лагерфельдтің еңбек жолын бағалау түні болды деуге негіз бар. Іс-шара жылдың ең экстравагантты және креативті сән келбетін көрсетті және алдағы жылдардағы сән күнтізбесінің маңызды оқиғасы болып қала беретіні сөзсіз.