Bugin
Жеке тұлғалар арасында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыру мақсатында "АMANAT" партиясы "Halyk Bank"-пен бірге "Қарызсыз қоғам" жобасын іске қосқанын хабарлады. Қазіргі таңда жоба аясы өтінімдер қабылдау басталды.
"АMANAT" партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Дәурен Сағынғалиевтің айтуынша, оқу бағдарламасы несие бойынша қарыздары бар және борышкерлер тізіміндегі адамдарға, дәл қазіргі уақытта несиесі бар, бірақ мерзімі өтіп кеткен берешектері жоқ адамдарға және несие алып, мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге арналған. Сонымен қатар, жобаға қатысушы өздері тұратын округ әкімдігіне барып тіркелетіндігін жеткізді.
Жоба аясында қатысушылар өз қаржысын тиімді басқаруды және шығындарын оңтайландыруды үйренеді және қаржылық мәселелердің қалай туындайтынын, несиелік қарыздар санын азайтудың жолдарын, алаяқтық әрекеттерді қалай анықтауға болатынын үйренеді. Ал, ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер компания бюджетін қалыптастыру тәртібі, салық есеп-қисабын ұсынуды және мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша қаржыландыру шарттары туралы құнды ақпарат алады.
Жалпы аудан бойынша 500 адамды оқыту жоспарлануда. Оқу мамыр-шілде айларында өткізіледі.
Айта кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасының алғашқы кезеңінде еліміздің Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Атырау және Маңғыстау облыстары қамтылған.