Саясат

Жастар Елбасымен қалай кездесті немесе алғашқы тарихи сәт

Ұйымдастыру комитеті жастарға: «Қазақстан, Нұрсұлтан, Елордамыз – Нұр-Сұлтан» деген сөйлемді ұран етіп айтуды талап етті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алматы әуежайында ҚазҰУ, Асфендияров, Т.Жүргенов, ҚызПУ жоғары оқу орындарынан өздерін белсенділердің қатарына қосатын студенттер жиналды. Кейбірі тіпті әуежайға кімді күтіп алуға келгендерін білмейді. Өзіме қызық болды, атмосфераны сезінгім келді. Сол ойдың жетегінде жастарға еріп, мен де әуежайға жол тарттым.

Мінген автобуста әуежайға бара жатқан студенттердің бәрінен ұялы телефондарын жинап алды. Сағат сегізде берілген ұялы телефон студенттердің қолына түскі үште бір-ақ тиді. Елбасы Н.Назарбаевпен суретке түсу бақыты бұл жолы жастарға бұйырмады.

Бір сағат дегенде әуежайға жеттік. Ұйымдастырушылар әрбір студент, әрбір адамды жеке куәліктерімен тексерді. Тексеріс ұзаққа созылды. Себебі Елбасына қолдау көрсетеміз деп келген жастардың саны көп еді. Солай тексеріс те аяқталды. Әуежайдағы белгісіз алаңға кіргендеұйымдастырушылардың пакетпен бір нәрсе таратып жатқандарын көзім шалып қалды. Келген әрбір адамға бір-бір пакеттен беріп жатыр екен. Мен де бұйырғанын алдым. Пакетті ашсам, ішінде 0.5 қарапайым су мен кола, сары алма, кішкентай "Қазақстан" шоколад, сонымен қатар сэндвич бар екен. Студенттер тамақ алғандарына ырза әйтеуір. Көздері жайнап, пакеттеріндегі тамақтарын кезек-кезегімен жей бастады.

Уақыт өте берді. Студенттердің белсенділіктерін жоғалтып алмайық деп, ұйымдастырушылар әртүрлі музыкалар қосып, жастарға жағымды көңіл-күй сыйлай білді. Тамаққа тыңқыя тойған жастар билеуге кірісті.

Кезек өз орнымен кричалкаға дайындыққа келіп жетті. Ұйымдастыру комитеті жастарға: «Қазақстан, Нұрсұлтан, Елордамыз – Нұр-Сұлтан» деген сөйлемді ұран етіп айтуды талап етті. Елбасы келеді дегенше жастар ұранды бірнеше рет қайталады. Алғашқыда жастардың дауыстары жағымсыз, өте жай шықты. Кейіннен бәрі өзгерді.

Жастар күткен Елбасы Н.Назарбаевтың мінген ұшағы да өз орнына жайғасты. Елбасы ұшақтан жерге түсіп, жастардың арасында біраз жүрді. Сонда Н.Назарбаев: «Мен жаңа президентті бекерден бекер тағайындамадым. Жастар, Қасым-Жомарт Тоқаевқа сіздердің қолдауларыңыз керек» деп ағынан жарылып, жастарға ақ батасын да берді. Дайындықта дұрыс айқайламаған студенттер жанынан Елбасы өткенде қалай «Қазақстан, Нұрсұлтан» деп айқайлағандарын өздері де байқамай қалды. Табан астында жастардың бойын патриоттық сезімі биледі ме, әлде жастар патриот болып көрінгісі келді ме, бір сөзбен айтқанда, өзгеше құбылыс болды. Елбасы қаладағы резиденцияға кіріп кетті. Елбасымен 20 минутқа созылған кішігірім кездесу осылайша аяқталды. Жастар келген автобустарымен университеттеріне қайта кетті.

Бірі бұл кездесуден мотивация алса, енді біріне бұл кездесу мүлде әсер етпеді. Жеке өзім бұрын Елбасыны тірідей көрмегенмін. Бүгін алғаш рет көрдім. Соның өзінде бұл кездесу маған аса әсер ете қоймады. Жай ғана жастардың көбінің Н.Назарбаевтың жанкүйері екеніне куә болдым. Жастар Елбасыға қолдау көрсетсе, Елбасы оларға осы жастар жылында сенім білдіретін ниетте екенін көрсетті. Бүгінгі кездесуге Елбасы да, жастар да ырза. Студенттерге кездесудің қысқа болғаны ғана ұнамады. Осылайша тарихи сәттің тірідей куәсі болдық.