МӘДЕНИЕТ

Қазақстандық өнерге жаңа дем берген үздік 4 оркестр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Соңғы жылдары елімізде түрлі кино, сериал, мультфильм, ойындардың саундтректерін оркестрдің орындауында өтетін концерттер арқылы жаңа өнер бағыты пайда болды. Бұл мәдениет түріне деген қызығушылықтың жоғары екеніне саундтрек-концерттердің аншлагпен өтетіні дәлел. Сұраныс өскен сайын жылдан-жылға өнердің осы бағытына бет бұрып келе жатқан оркестрлердің де саны көбеюде. Bugin.kz порталы аз уақытта тыңдарманның жүрегін жаулаған саундтрек-концерттерімен танымал ТОП - 4 оркестр құрамаларын ұсынады.

Ne Prosto Orchestra 
Ne Prosto оркестрі – фильмдердің, ойындардың, телехикаялардың және анимелердің саундтректерін орындауға маманданған алғашқы қазақстандық, жеке, тәуелсіз оркестр. Оркестр жұмысы 2017 жылы басталды. Бірінші концерттері Питер Джексонның «Сақиналар әміршісі» трилогиясына және Джордж Мартиннің "Тақтар ойынына" арналған.  Бүгінгі таңда "Гарри Поттер", "Жұлдызды соғыстар", "Тақтар ойыны", Ханс Циммердің хит саундтректері, ойын саундтректері және т.б. жеке тақырыптық концерттерін ұйымдастырып тұрады. 2022 жылдың 27 қарашасында Алматы Аренада 8000 көрерменге арналған мерейтойлық концерті өтті. Симфониялық оркестрдің айтуынша, бұл тек жаңа белестердің бастамасы ғана.

BN Team Orchestra 
Ticketon.kz сайтында BN Team Orchestra соңғы жарты жылда бүкіл Қазақстан бойынша 70-тен астам концерт өткізгені жазылған. Бұл жобаның ауқымы мен қаншалықты сұраныста екенін көрсетеді.
Жобаның басты мақсаты – тыңдарманға қуаныш сыйлап, естеліктер қазынасын тамаша әрі сапалы концерттермен толықтыру. 

tynda.music
Tynda Music - әртүрлі музыканы орындайтын симфониялық оркестр мен хор. Танымал саундтректер ғана емес, орындауларында классикалық шығармалар да болғандықтан екі бағытты қатар алып жүр деп айтуға негіз бар. 
Жобаның негізгі идеясы – жоғары музыка мен әлемдік деңгейдегі музыканттарды Қазақстан халқына қолжетімді және жақын ету. The Best of Anime, Ludovico Einaudi, Түрік телехикаяларының саундтрек-кештері мен концерттері көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, үлкен сұранысқа ие болуда.

Orchestra Lab 
Әр аспапты жетік меңгерген үздік солистерден құралған Orchestra Lab Ratovich лақап атымен танымал пианист Темірлан Бейсенбаймен бірге ұйымдастыратын концерттерімен белгілі. Сондай-ақ тандемнің 80-90- ретро-әндерді орындайтын кештері әсіресе аға буынның қызығушылығына ие.
Дегенмен құрам алдағы маусымда жаңа репертуармен Ratovich-тен бөлек кештердің болатынын айтады.